Атырау, 19 сәуір 21:36
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Нәрестенің өліміне қатысты іс: «Сәбидің тірі екенін айтқанда, Қайыржан «есікті жап» деді»

3 950 просмотра

Қазір нәрестенің өліміне қатысты іс бойынша сот отырысында облыстық перинаталды орталықтың 4-5-қабаттағы дәлізде орнатылған бейнебақылау камерасындағы бейнежазбаны зерттеу жүріп жатыр. Бұл 29 қыркүйекте сағат 13-тен 22-ге дейінгі аралықтағы жазбалар. Бұдан бұрын сотталушылардың адвокаттары сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер жазбаның нақты уақытын өзгертіп, монтаждалуы мүмкін деп бірнеше рет мәлімдеген болатын.

Бұдан бұрын куәлік еткен облыстық перинаталды орталықтың санитары Светлана КОЗЛОВА адвокаттардың өтініші бойынша қайтадан сотқа шақырылды. Олар оның бұрынғы жауаптарында қарама-қайшылықтар бар, сондықтан одан ординатор кабинеті, босандыру залы, залалсыздандыру бөлмесі және асхана орналасқан 5-қабаттағы бейнежазбаны қарап, қайтадан жауап алу керек деп есептейді. Сол күні Козлова асханада жұмыс істеген. Оның айтуынша, кешкі сағат 18.30-да акушер Жәмила ҚҰЛБАТЫРОВА асханаға кіріп, босандыру кезінде акушерлік құралдарды өңдейтін залалсыздандыру бөлмесінде жатқан жаңа туған нәрестені көруін өтінген. Құлбатырова оны №1 босандыру палатасынан алып, сонда әкелген. Олар бірге барған кезде, Козлова кушеткадан тірі нәрестені көрген.

- Мен сәбиді көріп, оның тірі екенін айттым, сосын оны не себепті жансақтау бөліміне жатқызбағанын сұрадым, - дейді Козлова.

Оның айтуынша, нәресте қырымен есікке қарап жатқан, ерні мен аяқ-қолын қимылдатқан.

Адвокат Жамбыл МҰҚАШЕВ нәресте тез немесе ақырын қимылдады ма деп сұрағанда, Козлова дәл есімде жоқ, бірақ баяу қимылдаған сияқты деп жауап берді:

- Сәбиге қолымды тигізген кезде денесін жиырып алды. Жәмила апа бөлмеден шығып кеткенде, сәбиге ұзақ қарап тұрдым, көзіме жас үйірілді.

Бейнежазбада акушер Эльвира НАСИХАТОВАНЫҢ да залалсыздандыру бөлмесінде болғаны көрінеді. Козлова оның құралдарды жуып тұрғанын айтты. Бірақ ол Насихатоваға аса мән бермей, нәрестеге қарап тұрған.


«САҒАН НӘРЕСТЕ ТІРІ ДЕДІМ БЕ?»

Құлбатырова сұрақ қойды:

- Мен саған сәби тірі дедім бе?

Козлова:

- Жәмила апа, сіз асханаға келіп, сәбиді мәйітханаға жібере алмайтыныңызды айттыңыз. «Қарашы, тіршілік нышаны бар ма?» дедіңіз. Мен сәби жатқан жерге барып, оның тірі екенін көріп, неге оны жансақтау бөліміне жатқызбаған деп сұрадым. Сіз оның жүрегі тоқтаған, бірақ миы әлі тірі дедіңіз. Мен сосын ештеңе демедім. Сіз Асқар Жәнібекұлына (сотталушы, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан – А.С.) жүгіріп кеттіңіз. Сол кезде мен оның жөргегін ұстадым. Сәби жиырылып, тіршілік нышанын білдірді. 10 минуттай уақыт өткенде Асқар Жәнібекұлы келді. Мен оның арқа жағында тұрып, сәбидің тірі екенін айттым. Сол кезде Асқар Жәнібекұлы маған есікті жап деді, мен жаптым. Сәбидің тірі екенін өзіңіз көрдіңіз ғой.

Құлбатырова:

- Света, ондай әңгіме болған жоқ, нәресте қимылдаған жоқ қой.

- Жәмила апай, мен сәбидің қалай қимылдағанын көрген соң айтып отырмын ғой.

Бейнежазбада Козлова есікті іштен жауып алады. Ол сотта Асқар Қайыржанның неонатолог дәрігерлерге шұғыл жоғарыға, залалсыздандыру бөлмесіне келу үшін қоңырау шалғанын айтты. Қайыржанның оларға қоңырау шалып жатқанын қайдан білдіңіз деген адвокаттардың сұрағына, Қайыржанның «Бекбергеновна» (сотталушы, неонатолог дәрігер Дариға Жұмабаева – А.С.) дегенін естідім деп жауап берді. Әрі қарай жазбада дәрігерлер Жұмабаева мен Руслан Нұрмұханбетовтің дәліз бойымен залалсыздандыру бөлмесіне бара жатқаны көрінеді. Содан кейін Қайыржан біреуге қоңырау шалып, телефонмен сөйлескен күйі кетіп қалады.

Сотта анықталғандай, ол кезде нәрестеге бирка тағылмаған. Қайыржанның сұрағына Козлова көк жөргектен басқа ештеңе көрмедім деп жауап берді.


СЕКУНДТАРҒА ДЕЙІН ТАЛДАНДЫ

Келесі отырыста Козловадан жауап алу жалғасты. Бұл жолы басқа камераның жазбасы қаралды. Адвокат Талғат МҰҚАТАНОВ Құлбатырова босандыру бөлімінің №1 палатасынан қолына бір затты ұстаған күйі шығып, оны залалсыздандыру бөлмесінің жанындағы тоңазытқышқа салған кезден, сағат 18.32-ден бастап көруді өтінді. Сол күні сотта куәлік ету үшін жоғарыда аталған акушер Эльвира Насихатова шақырылды. Бұдан бұрын Козловадан жауап алғандай, одан да сотта жауап алынған болатын.

19 сағат 08 минут 52 секундта Насихатова залалсыздандыру бөлмесіне кіреді. Сол жерде 7 минуттай болып, 19 сағат 15 минут 27 секундта кері шығады. 19 сағат 14 минут 06 секундта ол жерге Козлова мен Құлбатырова кіреді. Бір минуттан кейін Насихатова бөлмеден шығады.

Адвокаттар Козловадан Насихатованы залалсыздандыру бөлмесінен көрдіңіз бе деп бірнеше рет сұрады. Козлова оның құралдарды жуып жатқанын, бірақ Насихатоваға мән бермей, тек нәрестеге қарағанын айтты.

Ал Насихатовадан залалсыздандыру бөлмесінен не көріп, не естігенін және кушеткада жатқан нәрестені көрдіңіз бе деп әлденеше рет сұрады. Оның айтуынша, ол құралдарын өңдеу үшін кірген екен: «Ол жерден ештеңе байқамадым, өз жұмысымды жасап, құрал-саймандарды жудым, ешқандай нәрестені көрген жоқпын» деді.

Адвокат Мұқатановтың пікірінше, жазбада тіркелген уақыт пен куәгерлер айтып отырған уақыт бір-біріне сәйкес келмейді.

Нысанбаев екі куәгерге – Козлова мен Насихатоваға сұрақ қойды. Бірақ одан бұрын сотқа дейінгі тергеу кезінде Козловадан алынған жауап алу хаттамасындағы жауапты оқыды: «Мен сәбидің құндағын шешіп жатқанда, ол тыныс алып, аяқ-қолын қимылдатты. Жәмила ападан «неге жансақтау бөлімшесіне жібермеген?» деп сұрағанымда, ол дереу Асқар Жәнібекұлы Қайыржанға қоңырау шалып: «Мына нәресте тірі, не істейміз?» деп сұрады. Содан соң Жәмила апа шығып кетті, мен нәрестенің жанында қалдым. Көңілім босап, нәрестеге: өлмеші, өтінемін» дедім».

- Осы кезде кішкентай бөлмеде Насихатова екеуіңіз бір-біріңізді көрмедіңіздер ме?

Козлова:

- Мен бұл сұраққа жауап бердім, Насихатовадан сұраңыз.

Насихатова:

- Жоқ, көрмедім.


«ОЛ МЕНІҢ ҚОЛЫМНАН КЕЛМЕЙДІ, ДӘРІГЕРЛЕР АРАШАЛАП ҚАЛАДЫ ДЕП ОЙЛАДЫМ»

Содан кейін Мұқатанов Козловадан сотқа дейінгі тергеу барысында тергеушіден «маған ештеңе болмай ма?» деп неліктен сұрадыңыз деді. Ол бірінші рет осындай жағдайға тап болып отырғасын қорыққанын айтты.

Адвокат Жанар МОЛДАШЕВА:

- Құлбатырованың нәрестені мұздатқышқа салғанын кім айтты?

Козлова:

- Эльвира Насихатова.

- Эльвира, сіз мұны Козловаға айттыңыз ба?

Насихатова:

- Құлбатырова ординатор бөлмесінде жүргенде, өзі солай айтты. Содан кейін мен бұл туралы асханаға шай ішуге барғанда Козловаға айттым.

Адвокат Мұқашев ол мұны қай кезде естігенін сұрады. Насихатова шамамен сағат 20-да деді.

Құлбатырова:

- Эльвира, тірі немесе өлі сәбиді мұздатқышқа салғанымды дәл қай уақытта айттым?

- Айтып отырмын ғой. Шай ішуге барайын деп жатқанда естідім. Содан кейін шай ішуге шығып кеттім. Сол жерде қыздарға айттым. Ол жерде тағы кімдер болғаны есімде жоқ, бірақ Светаның болғанын нақты білемін.

Сотталушы Қуаныш НЫСАНБАЕВ Козловадан сұрады:

- Егер бұл сәби туралы сағат 19-да білсеңіз, екі жарым сағат бойы оның өмірін арашалап қалмай не бітірдіңіз?

- Ол менің қолымнан келмейді ғой, мен дәрігер неонатологтар құтқарып қалады деп ойладым.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

28 қыркүйек 2020, 10:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.