Атырау, 19 сәуір 05:52
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкері: «Біз тоңазытқышты ашқанда нәресте өлі еді»

Сурет Бейнежазба
4 282 просмотра

Жақында өткен сот отырысында облыстық перинаталды орталықтың бас дәрігері Қуаныш НЫСАНБАЕВТЫҢ тірі туған нәрестені тоңазытқышқа салуға нұсқау бергені «тыңдалған» қоңырауға қатысты көптеген мәлімет анықталды.

Бірақ алдымен облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Асқарбек ЕРМҰҚАШЕВТАН жауап алу жалғасты. Айыпталушылар мен адвокаттар бұл жолы одан ұзақ уақыт перинаталды орталықтағы нәрестелер өлімін жасанды азайту туралы мәліметтердің қайдан алынғандығын сұрады.

Ермұқашев куәгерлер – Нысанбаевтың қарамағындағы медицина қызметкерлері берген жауаптарға сілтеме жасады, олар тергеу барысында Нысанбаев перинаталды орталыққа айы-күні жетпеген әйелдерді қабылдамауға нұсқау бергенін айтқан. Ал босанғандарға қатысты, егер нәрестенің «адам болмайтыны» анық болса, онда оған алғашқы медициналық (реанимациялық) көмек көрсету қажет емес, ал статистикалық мәліметке оларды «перинатальды өлім» (шарананың туылғаннан кейін өлуі) тармағы бойынша емес, «интранатальды» (шарананың іште немесе босану кезінде өлуі) немесе «антенатальды» (шарананың жүктілік кезінде өлуі) тармақ бойынша енгізу қажет деп нұсқау берген. Нысанбаевтың осындай нұсқаулар бергені құпия тергеу әрекеттері барысында, сондай-ақ куәгерлерден - Нысанбаевтың қарамағындағылардан жауап алу кезінде анықталған.

Осы жерде Нысанбаев қарсылық білдірді:

- Егер Ермұқашев тергеуге тек қазан айында қосылса, онда ол өзі қатыспаған тергеу әрекеттері туралы қалай айта алады? Жалпы, бұл маған қатысты алдын-ала жоспарланған пиғыл деген ой келді.

Содан кейін ол өзі мәліметті бұрмалауды бұйырды деген жиналысқа қатысқан дәрігерлермен неге бетпе-бет кездесу ұйымдастырылмағанын сұрады. Ермұқашев Нысанбаевтың өзі бетпе-бет кездесуден бас тартты деп жауап берді (бұл тергеу материалдарында жазылған). Дәрігерлердің өздері де құқықтарын пайдаланып, бетпе-бет кездесуден бас тартқан.


КІМГЕ ЖӘНЕ НЕГЕ ТЫҢДАУҒА БЕРГЕН

Осымен Ермұқашевтан жауап алу аяқталды. Одан кейін судья Гүлмира ДӘУЛЕТОВА залға сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Бауыржан ЕРТАЕВТЫ шақырды. Ол құпия тергеу әрекеті барысында Нысанбаевтың телефонын тыңдауға бастамашы болған және Нұржамал ТҰРЫМБЕТОВАНЫҢ нәрестесі туралы 29 қыркүйекте кешке сөйлесуді бақылау орталығының операторынан бірінші болып ақпарат алған.

Адвокат Жанар МОЛДАШЕВА:

- Сіз тергеу басталған кезде куәгерлер мәртебесінде болған менің қорғалушыларым неонатолог-дәрігерлер Жұмабаева мен Нұрмұхамбетовке Қайыржан мен Нысанбаевтың телефон арқылы сөйлескен аудиожазбасын тыңдаттыңыз. Ал куәгер алдымен іс туралы білгендерінің бәрін еркін айтуы керек. Сіз алдымен оларға телефон арқылы сөйлескен аудиожазбаны тыңдаттыңыз, содан кейін ғана жауап алуды бастадыңыз.

Ертаев:

- Менің кімге тыңдауға бергенім және жалпы тыңдауға бердім бе екен, мүлдем есімде жоқ. Жалпы, бұл аудиожазба қағаз құжаты секілді заңдастырылған және заңды күшке ие. Әрі мен жедел уәкілмін, мен жауап алмаймын. Егер жауап алу кезінде, мысалы, дәлелдерге қатысты сұрақтар туындаса, онда тыңдатқан болуы мүмкін.

- Ал жәбірленушілерге осы аудиожазбаны қандай мақсатта тыңдауға рұқсат берілді?

- Жәбірленушілер деп сіз Тұрымбетованың отбасын айтып отырсыз ба? Тағы да айтамын, бұл жазбалардың барлығы заңдастырылды. Иә, оларды тыңдауға берген болуы мүмкін еді, бұл үшін тергеуші жауап береді. Менің білуімше, бастапқыда олар сенбеді, дәрігерлердің нәрестеге олай жасауы мүмкін емес деді.

- Сіз өзіңіз таспаны жәбірленушілерге тыңдаттыңыз ба?

- Жоқ.


«САҒАТ 20.30-ДА ЖАЗБАНЫ ТЫҢДАП, 20.45-ТЕ ПЕРЗЕНТХАНАДА БОЛДЫМ»

- Сіз сөйлесуді бақылау орталығы операторынан жаңа туған нәрестені тоңазытқышқа салу туралы әңгіме болған ақпаратты бірінші болып алдыңыз ба? - деп сұрады прокурор Магомед ЕСЕНБОЛАТОВ Ертаевтан.

- Иә, солай, телефонды тыңдауға бастамашы болғандықтан, ол маған тікелей хабарлады.

- Қайыржан мен Нысанбаевтың арасындағы осы әңгіме жазылған нақты уақытты білесіз бе?

- Жалпылама айтсақ, жазба желіде тыңдалмайды, ол алдымен жазылады, содан кейін сервер арқылы жіберіледі, содан соң хабарлама бастамашыға беріледі. Бастамашы тыңдап, қажет болған жағдайда әрекет етеді.

- Сіз жазбаны сағат 20.30-да тыңдадыңыз, одан кейінгі әрекетіңіз қандай болды?

- Жазбаны тыңдағаннан кейін дереу жедел жұмыс жөніндегі басшының орынбасарына баяндадым. Сол кезде ол үйінде болды, мен оған қоңырау шалдым, ол дереу перинаталды орталыққа бару керектігін айтты. Ол өз кезегінде бұл туралы прокурорға және тергеу тобына хабарлаған. Сол кезде бізде ақпарат өте аз болды, облыстың бас неонатологы осындай нәрселерді айтқанына біздің өзіміз де сене алмадық.

Перзентханаға жетіп, қабылдау бөліміне бардық, бірақ ол жерде қыздар бізді кіргізбеді. Аудиожазбада Жәмила апа, Света апа, Асек деген сөздер болды - біз ондай адамдар бар ма деп сұрадық. Олар «иә» деп, бүгін Асқар Қайыржанның кезекші дәрігер болғанын айтты. Біз сол жерге келгенімізді түсіндік. Қылмыстық әрекетті тоқтату үшін біз тоңазытқыштың қайда екенін сұрай бастадық. Бізді кіргізбеді. Асқар Қайыржанға қоңырау шала бастады, ол телефонын көтермеді. Маған оны ота жасап жатқанын айтты. Осы кезде ол жерде шу басталды, бізді кіргізбеді. Мен тоңазытқыш қайда деп сұрадым. Содан кейін Асқар Қайыржан төмен түсті. Бұл уақытта тергеуші Мейрамбек Сипуллаев пен басқа да қызметкерлер келіп жеткен еді. Видео түсіру керек болды, ал қолда камера болмағандықтан, мен өзімнің ұялы телефоныммен түсіре бастадым. Тоңазытқыш қайда, нәресте қайда деп сұрадық. Сипуллаев тергеу әрекеттерін жүргізе бастады. Біз не 4-ші, не 5-ші қабатқа көтерілдік.

- Сіз қабылдау бөліміне сағат 20.45-те бардыңыз. Нақты жедел тергеу әрекеттерін қай уақытта бастадыңыз? Қабылдау бөлімінде қанша уақыт болдыңыз?

- Шамамен 20-30 минуттай.

- Алмаған қоңырауға қайта қоңырау шалдым дедіңіз, сағат 20.30-да нәрестенің өміріне қауіп төнгенін анықтап, 20.45-те перинаталды орталыққа келіп, жедел тергеу әрекеттерін бастадым дедіңіз. Сіз сәбиді құтқару үшін қылмыстың алдын алу үшін қандай шара алдыңыз?

- Менің алғашқы әрекетім - бастықтың жедел жұмыс жөніндегі орынбасарына хабарладым, Қайыржанға қоңырау шалдым, бірақ айтып өткенімдей, ол қоңырауға жауап бермеді. Сосын жедел жәрдемге қоңырау шалмақ болдым. Бірақ олар әдетте науқас туралы мәлімет сұрайды, содан соң, осы жерде, перинаталды орталықта жақсы біледі ғой деп ойладым. Келген кезде - ешкім ештеңе білмейді екен.

- Сізге Тұрымбетованың сәбиінің қай жерде екені қай уақытта белгілі болды?

- Сағат 20:45-те мен перинаталды орталыққа келдім, онда 20-25 минуттай болдық. Содан кейін тергеуші келді, сағат 21.15-терде жоғарыға көтеріле бастадық. Тергеу әрекеттері төменде, 1-қабатта басталған сияқты. Жұмыс орнын көрсетіңдер дедік - Қайыржан 4-5-қабатты айтты, ол босанатын бөлім болатын, содан кейін біз көтеріле бастадық, жол бойына сұрақтар қойдық, сол күні кім дүниеге келгенін, тоңазытқыш қайда екенін анықтадық. Тоңазытқышты ашқанда - нәресте көк жаялыққа оралған, өлі еді.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

15 қыркүйек 2020, 11:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.