Атырау, 28 наурыз 21:50
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

​Азалы шілде: ең көп өлім Атырауда тіркелді

3 203 просмотра

ҚР Статистика комитетінің сайтында өңірлер бойынша осы жылдың шілде айындағы өлім-жітім саны туралы жалпы дерек жарияланды. Сол уақытта жалпы Қазақстан бойынша 28 мыңнан астам адам қайтыс болған, бұл өткен жылдың шілде айымен салыстырғанда 2,3 есе көп. Біз 2019 және 2020 жылдардың шілдедегі мәліметтерін алып, салыстырып көрдік. Пандемияның нағыз шарықтаған кезеңінде Атырау облысында өлім саны 3,6 есе өскен екен (инфографиканы қараңыз). Бұл еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда, ең жоғарғы көрсеткіш.

Статистика комитетінің мәліметтеріне сәйкес, биылғы жылдың шілде айында Атырау облысында түрлі себептермен 1165 адам қайтыс болған (2019 жылдың шілде айында – 321). Ауқымын салыстыру үшін жарты жыл ішіндегі деректерді келтіріп көрелік: осы жылғы қаңтар-маусым аралығында біздің облыста 1662 адам қайтыс болған.


Мәселен, қаңтар-сәуір айларында 937 адам қайтыс болған. Сонда, шілде айында өлген адамның саны 4 айдағы көрсеткіштен көп болып тұр.

Қала тұрғындары арасында өлім-жітім саны 665 адамға (өткен жылғы щілдеде - 174) және ауыл тұрғындары арасында 500 адамға (2019 ж. шілдеде - 147) жеткен. Осылайша, биыл шілде айында қалада өлім-жітім 3,8 есеге, аудандарда 3,4 есеге өскен.

Егер бір ай ішінде қайтыс болғандардың санын күнге шаққанда, онда шілде айында күніге орташа есеппен 37 адам көз жұмған. Сол күндері бізге ресми берілген статистикадан гөрі осы  көрсеткіш шындыққа жанасады. Біздің аймақта пандемия күшейе түсіп, адамдар «бұрын кездеспеген белгісіз пневмониядан» қырыла бастағанда, менің әріптесім Фархат Әбілов жергілікті зираттарды аралаған кезде, бір зираттың басындағы қызметкер күніне 15-20 қабір қазылатынын айтқан. Оның айтуынша, көбіне егде жастағы адамдар жерленген. Расында да, дәрігерлердің айтуынша, пандемия кезінде көбіне жасы келген адамдарды аман алып қалу қиынға соққан. Статистика мәліметіне сәйкес, Атырау облысында 59 және одан жоғары жастағы адам саны – 53 681.

Сонымен, сол қаралы шілдеде белгісіз пневмониядан қанша адам қайтыс болды? Егер біз «қалыпты» статистика мәліметтерін алсақ – қаңтардан маусымға дейін, өлім-жітім көп болмаған кезде, айына орта есеппен 277 адам қайтыс болған. Осыны 2020 жылдың шілдесіндегі қайтыс болғандардың жалпы санынан шегеріп тастағанда, көрсеткіштен ауытқыған адам саны, яғни 888 адам қайтқан. Сонда, шілде айында пневмониядан шамамен, осынша адам көз жұмған.

Естеріңізге сала кетейік, сол кездегі денсаулық сақтау министрлігінің ресми статистикасына сәйкес, шілде айында Атырау облысында коронавирустан 13 адам өлген. Қазақстанда КВИ белгісі бар пневмониядан қайтыс болғандардың жалпы есебін 1 тамыздан бастап жүргізе бастады. Бірақ өңірлер бойынша дерек жоқ.

Жоғарыда айтылғандай, Атырау облысы (1 шілдедегі халық саны 651 541 адам) өлім-жітімнің өсу қарқыны бойынша басқа өңірлерден озып шықты. Екінші орында 1,3 млн халқы бар елордамыз Нұр-Сұлтанда өлім-жітім биылғы шілде айында 3,3 есеге өскен, одан кейін Маңғыстау (халық саны 709 750 адам) және Ақтөбе облысында (халық саны 888 035 адам) - өсім 3,2 есеге өскен (№1 диаграмманы қараңыз).

Қазақстанда осы жылдың шілде айында барлығы 28 178 адам қайтыс болған (2019 жылдың шілдесінде – 12 420).

Сәуле ТАСБОЛАТОВА 

Инфографиканы жасаған автор

21 қыркүйек 2020, 16:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.