Атырау, 29 наурыз 14:24
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Атыраудағы өлім-жітім: «Күніне 15-20 қабір қазамыз»

Сурет
7 387 просмотра

Біз әлі күнге дейін Атырау облысында коронавирустан және пневмониядан көз жұмғандардың нақты санын білмейміз. ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің ресми сайтында біздің облыста коронавирустан тек 13 адам ғана көз жұмғанын айтады. Дегенмен қала кішкентай ғой, адамдар бір-бірімен хабарласып тұрады, жағдайдың да мүлдем басқаша екенін көз көріп жүр. Үрей тудырғым келмейді, бірақ халық ақиқатын білуі тиіс. Осы орайда «АЖ» тілшісі мұнайлы астаның үлкен қорымдарын аралап, қабір қазушылармен тілдесіп қайтқан еді.

Соңғы кездері әлеуметтік желіде бір-біріне көңіл айтушылар көбейді. Бәрінің айтары бір сөз – «үйде қызулап, жөтеліп, «пневмония» деген диагноз қойылды. ...кейін ауруханада қайтты. Сол күні үйге әкеліп жаназа намазын оқып, уақытқа қарамай көміп тастадық». Иә, бұрын өлген адамның жаназасы сағат 10-ға дейін оқылса, қазір түстен кейін де оқылып, жерлене береді. Мен бұны бейіт басын аралап жүрген кезде көзіммен көрдім.

Алдымен Жұлдыз ықшам ауданында орналасқан «Орбита» қорымына келдім. Сырты қоршалған қауымның ішкі жағында жаңадан қойылған белгілер өте көп. Осындай 30-дан астам жаңа бейіт көрінді. Бәрі маусым-шілде айында о дүниеге аттанғандар. Тағы бір көңілге қаяу түсірген жәйт – бәрі егде жастағы адамдар - 1935 жылғы, 1945 жылғы және т.б. Ал бұл дерттен үлкендер жағы көп кетіп жатыр.

Томарлы ауылына қарама-қарсы «Атырау-Индер» тас жолы бойында орналасқан қорымда да жаңадан қойылған белгі тастар өте көп. Шет жақта арасына бірнеше күн салып, өмірден озған фамилиясы бірдей жандардың 3 бейітін байқадым.

- Қазір «тапсырыс» өте көп. Әрең үлгеріп жатырмыз,- дейді біз хабарласқан қабір қазушы Ислам САРИЕВ. – Бұрындары күніне 4-5 қабір қазатын едік, қазір 15-20 қазамыз. О дүниеге аттанып жатқандар өте көп. Көбі – егде жастағы адамдар.

Тағы бір қабір қазушы бейіт басында болған жағдайды айтып берді. Жақын арада бір отбасында адам қайтып, олар қабіршілерге ақшасын беріп, қай жерді қазу керектігін көрсетпей, кетіп қалған. Кейін мәйітті алып келіп, қазылып тұрған қабірге салып жатқан кезде, ол қабір басқа біреудікі болып шығыпты. Тағы бір қабір қазуға тура келген...

Атырауда қазір ірі 7 қорым бар. Солардың бірі – Атырау ықшамауданының маңында орналасқан «Ноғай» мұсылман қорымы. Жанында – христиандар зираты бар.  Бұл жерде де күн сайын мәйіт жерленеді. Кері шығып бара жатқанда қаралы көшті көрдік. Түскі сағат 15:00 екеніне қарамастан, имам дұғасын оқып, марқұмды жерлеп жатыр.

Бейіттен шыққан соң осы маңда орналасқан діни жоралғы қызметтерін көрсететін кеңсеге бас сұқтық.

- Күніне 7-8 табыт өтеді. Кейде 3-еу. Қазір өлім-жітім көбейгенін өздеріңіз де білесіздер, - дейді кеңсе әкімшісі.

Осыдан кейін халық арасында «Мұқаш бейіті» аталып кеткен Жұмыскер ауылы аумағында орналасқан қорымға келдік. Бұл жерде христандар мен мұсылмандар бір-біріне жақын қойылған. Топырақтарына қарап көрлердің жақын арада қазылғанын аңғару қиын емес. Тіпті алдын-ала бір көр қазылып қойған. Қорымды айналған кезде 9 бейітті көзім шалды. Ішкі жағында одан да көп шығар.

Болжап қайтеміз, «АЖ» Әділет министрлігіне хабарласып, «Соңғы екі айда облыстық паталоганатомиялық бюроға неше мәйіт түсті?» деген сұрақ қойып еді, баспасөз қызметі әлдебір заңға сілтеп, бұл мәліметті бере алмайтындарын айтты. Бұл қандай заң? Жауабы жоқ.

Осы материалды жазып болған соң, ДСМ ресми сайтын тағы бір шолып шықтым: онда Атырау облысы бойынша 13 адамның қайтыс болғаны туралы бұрынғы мәлімет өзгермеген.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

18 шілде 2020, 13:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.