Атырау, 20 сәуір 00:29
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Құлсарыда барымташылардың қолынан қаза болған малшыны соңғы сапарға шығарып салды

Сурет Бейнежазба
5 431 просмотра

Қандықол қарақшылардың қолынан қаза болған Нұралы НҰРТІЛЕУОВТІ ағайын-тумалары мен таныстары соңғы сапарға шығарып салды. Жаназаға халық көп жиналды. «АЖ» газетінің тілшісі де барып қайтқан еді.


Нұртілеуовтер отбасы Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылында мал ұстап өсіруді атадан балаға мирас етіп келе жатқан шаңырақ. Алғашында Құлсарыдан 40 шақырым жердегі «Сарқұмық» жайлауын мекендеп, жер тозып, малға қолайсыз болғасын сәл әріректегі «Қарамұрат» учаскесін таңдаған еді.  Шаруашылықты қайтыс болған ағасынан бұдан он жыл бұрын қабылдап алған Нұралы шаруасын дөңгелентіп ұстап отырған. Қазір сол шаңырақ бір күнде қара жамылып қалды. Бұл қаза Нұралының отбасы мүшелерін қатты есеңгіретіп кетті.

Марқұм Нұралының ұлы Қосай НҰРТІЛЕУОВ

- Шаруашылықты әкем екеуміз жүргіздік, мен оның сенімді серігі болдым. Әкемнің денесін жер қойнына берсек те әлі сене алар емеспін. Ешкімге қылдай жамандығы жоқ, қиянат жасап көрмеген жанды қолдары барып қалай өлтірді деген ой басымнан кетер емес, - дейді марқұмның ұлы Қосай НҰРТІЛЕУОВ (суретте). Осыған кінәлі адам біздің қыстақтан 7-8 шақырым жерде тұрады. Көрші болғандықтан малымыз бірге жайылатын. Биыл наурызда 8 жылқымыз аяқастынан жоғалып кетті. Біз аудандық полиция бөлімшесіне арыз да бердік, кімнен күдіктенетімізді де қоса айттық. Бірақ малдың анық дерегі шықпады. 6 қыркүйек күні кешке әкем анамнан мені сұраған. Ал мен сол күні шаруаммен Ақтауға кетіп қалғанмын. Кешке көрші қой бағып отырған шаруалар әкемнің күдіктінің үйіне қарай кетіп бара жатқанын көрген. Содан ол із-түссіз жоғалып кетті.

Келесі күні Нұралының отбасы полицияға оның жоғалып кеткенін хабарлап, құтқарушы, еріктілер болып, бірнеше техникамен даладағы сай-саладан іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Тіпті, із кесуші иттер мен тікұшақ та пайдаланылды. Бірақ іздеу жұмысы нәтиже бермеді.

- Мен Ақтаудан 8-ші қыркүйекте келдім. Таңнан бастап іздеп шықтым, сонда күдіктінің қыстағы маңынан әкемнің мотоциклінің ізін байқадым. Ізін қуалағанда оны жүк көлігіне тиелгені анықталды, онда адамның іздері де болды. Сол маңдағы шұңқырдан мотоцикл отырғышына төсейтін көрпеше, әріректе ұялы телефонның сынықтары табылды. Ал күдіктінің қыстағынан 40-50 метр жерден бос патрон шықты. Ал мотоциклді біздің қыстақтан 70 шақырым жердегі иесіз қыстаққа тастап кетіпті, онда қанның іздері болды, - дейді Нұртілеуов. – Бір сұмдықтың болғаны анық еді. Сосын амалсыздан аудандық әкімшілік алдына жиналып, полицияның жұмысына наразылық білдірдік. Көп кешікпей, күдіктінің жиені ұсталып, кейін қаскөйдің өзі де қолға түсті. Ал әкем құдықтан өлі күйінде табылды. Қаскөйлер оны өлтіріп, құдыққа тастап, денесін топырақпен жауып кеткен, сондықтан табу қиынға соқты.    

 

«МАЛЫҢДЫ БАРСАКЕЛМЕСКЕ АЙДАП АПАРЫП ТАСТАЙМЫН»

- Күдікті мен әкеңіздің арасында бұрын-соңды келіспеушілік болды ма?

- Иә. Екеуінің арасында кикілжің болғаны рас, - дейді Қосай. - Сегіз бас жылқысынан айырылып дала кезіп іздеп жүргенде көршінің қыстағындағы алабай иті әкеме шапқан. Қас қылғанда, мотоциклдің шынжыры шығып кетіп тұрып қалады. Сол кезде итке таланудан қорғанып, амалсыз мылтықпен оны атып тастайды. Ит өліп қалады.

Нұралының қызы Сырымгүл

Сол кезде әңгімемізге Нұралының қызы Сырымгүл араласты:

- Көктемде біз қыстақта әке-шешеммен шай ішіп отырғанбыз. «Ей, Нұралы» деген дауыс естілді. Әкем шығып кетті. Итін сұрай келген көрші екен. Әкем болған істің мән-жайын түсіндіріп, өзін-өзі қорғау үшін сондай әрекетке барғанын айтып, кешірім сұрады. Бастапқыда екеуі жай сөйлесіп отырған, кейін дауыстары қатты шыға бастады. Соңында көрші дауыстап «Нұралы, мына оқ сенің ажалың болады. Малыңды барсакелмеске айдап апарып тастаймын» деп шығып кетті.

Нұралының нағашысы Зайнулла ШАПИПУЛЛИН:

- Мен мәйітханаға кірдім. Нұралының денесін көрдім. Каскөй дәл кеудесінен атқан екен, оқ тесіп өтіпті. Денесінде көгерген, қанталаған жерлері болды. Негізі Нұралы бірер адамға әл бермейтін қайратты еді, қарсыласқан болар. Екі адам қамалды дегенмен тағы да қатысты адамдар болуы мүмкін ғой. Бізге жұмбақ тұстары көп. Тергеу құпиялы болғандықтан ештеңе айтпай отыр.

Нұралы мен Базаргүл 1992 жылы отау құрған. Отбасында бес қыз, бір ұл дүниеге келді. Қыздарының алды тұрмыс құрып, ұлы үйленсе, баланың кішісі бес жаста. Ол еңбекқор, ақкөңіл, жақсы әке болғанын зайыбы Базаргүл қамыға жеткізді.

- Іс ақырына дейін жетіп, қаскөйлер тиісті жазасын алса болды. Біздің енді сұрайтынымыз сол, - дейді ол. 

 

«МАЛШЫЛАР ҚОРҚАДЫ»

Әлеуметтік желідегі жазбада ауданда мал ұрлығымен айналысатын топтар бар екені айтылады. Тіпті атын атап, түсін түстеп көрсеткен.

Ақкиізтоғай ауылының тумасы өз атын атамауды өтініп, былай дейді:

- Мен олардан қорқамын, басқа малымды ұрлап кетуі ғажап емес. Биыл 7 жылқымды жайылыстан айдап кеткен. Негізі күнбе-күн қарап жүремін. Бір сәтте жоқ болып кеткені ұрының алыстан келмегенін көрсетеді.

Сейітжан БАЛЖІГІТОВ, ШҚ жетекшісі:

- «Құлақ» деген қыстақта отырғанбыз. Осы жылдың қаңтарында 25 қошқарды қорадан тиеп алып кетті. Сол күні боран болып, көмекші тысқа шықпаған. Ұрылар осы аласапыран боранды пайдаланып, асылдандыру үшін әкелген малымызды осылайша үптеп кетті. Оның әрқайсысы 80 мың теңгеге бағаланар еді. Полицияға арыз бердік, әлі тапқан жоқ. Тағы бірде бір сиырымды ұрлады, оны бірден таптық. Ауылдың адамы болып шықты.

Қанат КҮНБАЕВ

Қанат КҮНБАЕВ, «Олжабай» ШҚ жетекшісі:

- «Тасқұдық» қыстағымыз Қызылқоға мен Мақат ауданымен шектесе орналасқан. 2018 жылы 20 бас сиырым ұрланды. Кейін із кескенде Мақат ауданына қарасты жердегі қамыс ішіне апарып тиеп кеткені белгілі болды. Үзік арқан жатты, арақ ішіп, темекі шегіп тастап кеткен. Оны айғақ заттар ретінде алғанымен сол күйі ештеңе анықталмастан қалды. Мына жағдайдан кейін қорқа бастадық, егер дәл үстінен түссек, ұрылар өзіңді жазым етуден танбас. Даладан кетіп жатқан жылқылар қаншама. Осында мал ұрлығымен айналасатындар бар. Негізі биыл мал ұрлығы ауыр қылмыс түріне жатқызылды, Қылмыстық кодексте бөлек бап бар. Мұндай қылмыс кешірілмей, кінәлі адам тиісті жазалануы тиіс. Сонда ғана ұрлыққа тиым болар ма еді.

Ақмұрат БАЙЖАНОВ, «Жомарт» ШҚ жетекшісі:

- Біз 25 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеміз. Бұрын мал ұрлығы әнебір болмайтын, соңғы жылдары көбейіп кетіп тұр. 2017-2018 жылдары 8 сиырдан ұрланып кетті. Ауданда мал ұрлығымен айналасатындар бар. Ол туралы құқық қорғау қызметкерлеріне айтып жатырмыз. Қазір көмекшілеріміз мал бағып жүріп үрейленіп, сескенетін болды. Бөтен көлікті көрсек, жоламаймыз. Көмекшілерге де айтып жатамыз, жақындамаңдар деп.

Жылыой аудандық ПБ басшысы Ерболат ДОСМАГУЛОВ:

- Фермер Н. Нұртілеуовтың жоғалуына байланысты арнайы тергеу тобы құрылды. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде жәбірленушінің қасақана өлтірілген денесі табылып, 1967 және 1982 жылғы екі күдікті қамауға алынды – екеуі де Құлсары қаласының тұрғыны. Сараптама тағайындалды, ҚР ҚК 99 («Кісі өлтіру») бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Жылыой ауданы бойынша 2019 жылы 9, биыл 10 мал ұрлығы тіркелген. Бүгінгі мәлімет бойынша 3 қылмыс қана ашылған.


Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор   

19 қыркүйек 2020, 17:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.