
Атырауда ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлибек Қуантыров пен облыс әкімі Серік Шәпкеновтің қатысуымен өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті. Жиында әлеуметтік‑экономикалық дамуға ықпал ететін маңызды жобалар талқыланды.
Әлибек Қуантыров Атырау облысының ел экономикасындағы рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мұнайының 60%-дан астамы және газдың шамамен 80%-ы осы өңірде өндіріледі. Үкіметтің стратегиялық мақсаты — 2029 жылға қарай ұлттық экономиканы $450 млрд деңгейіне жеткізу және кемінде $150 млрд тікелей шетелдік инвестиция тарту. Бұл үшін үш деңгейлі жүйе енгізілген: сыртқы (шетелдегі мекемелер), орталық (мемлекеттік органдар) және өңірлік (әкімдіктер).
Облыс әкімі Серік Шәпкенов өңірде «Силлено» ЖШС, «KMG PetroChem» ЖШС және бутадиен өндірісі сияқты ірі жобалар іске асырылып жатқанын айтты. Ол экономиканы әртараптандыру бағытында мұнай сервистік қызметтен ауыр машина жасау мен мұнай‑газ химиясына көшу басталғанын жеткізді. Дегенмен, салық түсімдерінің басқа өңірлерге кетіп қалуы мәселесін шешу үшін кәсіпорындарды Атырауда қайта тіркеу қажеттігін атап өтті.
Кездесуде «Атырау» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылымын дамыту, жаңа қатысушыларды тарту және келісу рәсімдерін жеделдету мәселелері көтерілді. «Фибратекс» ЖШС қалдықтарды терең өңдеу арқылы полиэфирлі талшық өндіру жобасын таныстырып, заттай грант беру мәселесін қозғады. Ал «Атырау вагон жасау зауыты» ЖШС директоры кәсіпорынның іске қосылуы туралы баяндады.
Қорытынды сөзінде Әлибек Қуантыров көтерілген мәселелерді жедел әрі тиімді шешу қажеттігін айтты. Облыста жалпы құны 7 трлн теңгеден асатын 60 инвестициялық жоба пулы жасақталған. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 6 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жұмыс сапары барысында Қуантыров «Талшықтекс» және «Фибратекс» кәсіпорындарын аралап, өндірістік қуаттарды кеңейту және мемлекеттік қолдау шараларын талқылады.
В Атырау +27