Осыған қатысты Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі баспасөз хабарламасын жариялады.
"Атырау облысының полицейлері қоғамдық дау тудырған қылмысты ашты. 6 қыркүйек күні Жылыой ауданының 47 жастағы тұрғыны жылқыларын іздеуге аттанып, із-түзсіз жоғалған. Аталған факті бойынша Атырау облысы полиция департаментінің қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Жоғалған азаматтың жүрген жерін анықтау мақсатында облыс полиция департаменті мен төтенше жағдай департаменті қызметкерлері, сондай-ақ еріктілер аумақты аралап, іздеу жұмыстары жан-жақты жүргізілді.
14 қыркүйек күні таңертең полиция қызметкерлері Жылыой ауданы Құлсары қаласынан 100 шақырым жердегі терең шұңқырдан жоғалған азаматтың денесін тапты.
Қазіргі кезде қылмысқа күдікті, бұрын сотты болған 1982 жылғы Құлсары тұрғыны ұсталды. ҚР ҚК-нің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, тергеу барысында қылмыстың себебі анықталатын болады".
Ал «АЖ»-ға белгілі болғандай, Құлсарыда фермердің туыстары облыстық полиция департаменті ғимаратының алдына жиналып, сот-медициналық сараптамаға жіберер алдында оның денесін көрсетуді талап етуде (суретте).