Жылыой ауданындағы фермерді өлтіру фактісі бойынша екінші күдікті ұсталды.
Естеріңізге салсақ, 6 қыркүйекте Жылыой ауданының 47 жастағы тұрғыны, «Боздақ» шаруа қожалығының басшысы Нұралы НҰРТІЛЕУОВ мотоциклімен жылқы үйірін іздеп шығып, өзі із-түзсіз жоғалған. ТЖД, полиция қызметкерлері мен еріктілердің қатысуымен іздеу жұмыстары жүргізілді.
Ал 14 қыркүйекте оның қыстағынан 70 шақырым жерде мал суаратын қараусыз қалған құдықтан зорлық-зомбылық белгілері бар фермердің денесі табылды.
Тексеру жұмыстарын жүргізу үшін Полиция департаментінің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Қылмыс жасады деген күдікпен бұрын сотталған 1982 жылы туған Құлсары қаласының тұрғыны ұсталды, одан 16-калибрлі аңшы мылтығы тәркіленді.
- Жедел-іздестіру іс-шарасы мұнымен тоқтаған жоқ, көп ұзамай тағы бір күдікті - 1967 жылы туған жергілікті тұрғын ұсталды, - деп хабарлады Атырау облысы ДП баспасөз қызметі. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бірқатар сараптамалар тағайындалды.
Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА