Атырау, 19 сәуір 13:23
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Сарөзектегі жұқпалы аурулар ауруханасына 7 миллиард жұмсалады

2 673 просмотра

Атырау билігі Сарыөзек ықшамауданындағы модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы құрылысының құнын әлі күнге дейін атамай отыр.  Алайда оның құны шамамен 7 млрд теңгені құрайтыны «АЖ»-ға белгілі болды. Бұл Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы дәл осындай ауруханалардың құрылысымен салыстырғанда әлдеқайда көп. Толығырақ – «АЖ» материалында.

Бұған дейін «АЖ» бұл құрылыстың құнын облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен әкімдіктен білуге тырысты. Алайда осы құрылысқа қаражат бөлген «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (NCOC) консорциумы біздің сауалымызға жауап бергеннен кейін ғана анық бағасына көз жеткіздік.

- NCOC Атырау облысында жұқпалы ауруларды емдеу үшін арнайы жобаланған 200 төсек-орынға арналған модульдік аурухана құрылысын қаржыландырады. Нысанды аталған мерзімге - 2020 жылдың қазан айына дейін тапсыру үшін құрылысқа 2 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Аурухананың құны шамамен 7 млрд теңгені құрайды, -деп хабарлады NCOC баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, маусым айында облыстық денсаулық сақтау басқармасы мердігер компаниялармен жаңа аурухана салу туралы келіссөз жүргізілуде деп хабарлаған еді. Келісімге қол жеткізгеннен кейін құрылыс тамыз айының соңына дейін аяқталады деп сол кезде айтылды. Бірақ мердігер «BI-Industrials» ЖШС-мен жасалған шартқа тек 18 тамызда қол қойылды, сондықтан құрылысты аяқтау мерзімі қазан айына ауыстырылды.

Модульдік үлгідегі Атырау инфекциялық ауруханасы 200 орынға: 180 орын мен қарқынды терапияға арналған реанимация бөлімшесінде 20 орынға есептелген. Медициналық мекемеде 56 екі орындық палата, сыртқа бөлек шығатын есігі бар 16 үш орындық, 6 бір орындық және 7 екі орындық бокс қарастырылған.

Медициналық блокта әкімшілік бөлме, зертхана, компьютерлік томография және рентген кабинеттері, бронхоскопиялық жабдықтар, УДЗ және электрокардиограф орналасады. Жаңа ауруханада жергілікті медицина мамандары қайта даярлаудан өтеді.

Құнын салыстыру үшін айта кетсек, бұрын Алматыда 18 күн және Нұр-Сұлтанда 13 күн ішінде әрқайсысы 5,5 миллиард теңгеге дәл осындай модульдік ауруханалар салынды. Алматыдағысы 280 орынға, ал астанадағысы 200 орынға есептелген. Алматыда модульдік үлгідегі жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы қоғамдық резонанс тудырды – олардың әрқайсысы 20 миллион тұратындай бұл неткен «алтын»  орындар деген пікірлер айтылды.  Мердігер BI Group оның құны  нарықтағыдан да төмен деп жауап берді, компания бұл құрылыста еш пайда көрмейді және барлық есеп пен шығындарды көрсетуге уәде берді. 

Фархат ӘБІЛОВ

11 қыркүйек 2020, 09:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.