Атырау, 29 наурыз 12:12
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Атырау дәріханаларында дәрінің бағасын көтеріп жіберген

3 659 просмотра

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, фармацевтикалық бақылау және Атырау әкімдігінің қатысуымен құрылған мониторинг тобы бірнеше қалалық дәріханаларды тексерді. Тексеруге азаматтардың 15 жерді белгілеп көрсеткен шағымы негіз болды.

- «Байзаар» сауда орталығында орналасқан «Зеленая аптека» дәріханасы «Канефрон» препаратының бағасына 335 теңге, «Флемоксин Солютаб» бағасына 152 теңге қосып, қымбатқа сатқаны анықталды. «На Гурьевской» дәріханасында «Цефазолин» препаратының бағасына 18 теңге қосқан. Материалдар шара қолдану үшін фармацевтикалық бақылау мекемесіне жолданды, - деп хабарлайды Атырау облысының коммуникация қызметі.

Тексеру нәтижелерін қарапайым деуге болады, бұған дейін әлеуметтік желіде Атырау тұрғындары дәріханада тапшы дәрі-дәрмектердің бағасы бірнеше есеге көтерілгеніне шағымданған.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Самат ЕМБЕРГЕНОВТЫҢ айтуынша, дәрі-дәрмектердің бағасын заңсыз көтергені үшін дәріхана басшылығы ҚР ӘҚБК 426 бабы (фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттар айналымы саласындағы ережелерді бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оларға 70-тен 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, 8 шілдеде өткен онлайн брифинг барысында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов дәрі-дәрмектің бағасы қатаң бақылауда екенін атап өтті. Жүргізілген жұмыс шеңберінде алыпсатарлықпен айналысып, фармацевтикалық препараттардың 100-ден астам түрін лицензиясыз сатқан косметологиялық кабинеттің заңсыз әрекеті әшкере болды.

- Бірнеше бақылаушы органдардың өкілдері бар  мобильдік топ құрылды, олар дәрі-дәрмек бағасын қадағалайды. Барлық тәртіп бұзушылар жауапкершілікке тартылатынын ескертемін, - деді сол кезде облыс әкімі.

Тұрғындар 8 (7122) 35 42 10 нөмірі бойынша бағаның негізсіз қымбаттауына шағымдана алады. Егер дәрі-дәрмектің бағасы күмән келтірсе, DARI.KZ мобильдік қосымшасы арқылы, ndda.kz ресми сайтында немесе adilet.zan.kz сілтемесі бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрінің бекітілген бұйрығынан оның шекті бөлшек бағасын тексеруге болады.

Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА 

Суретті ӨКҚ ұсынды

10 шілде 2020, 10:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.