Атырауда косметологиялық клиникалардың бірінде қазір коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың туыстары таба алмай жүрген тапшы дәрі-дәрмектерді, соның ішінде азитромицин мен ингавиринді заңсыз сатқан.
6 шілдеде Атырау облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті полиция департаментімен және облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен бірлесіп, өмірлік маңызы бар тапшы дәрі-дәрмекті негізсіз қымбат бағамен сату фактісінің алдын алды.
Қаладағы жеке косметологиялық клиникада дәрі-дәрмектер тиісті рұқсат құжатсыз (лицензиясыз) әрі заңсыз сатылған. Клиникадан 636 орама парацетомол, 1519 дана цефтриаксон, 1000 орама ацетилен қышқылы, 233 ампула лидокаин, 12 орама цитрамон, 3 орама азитромицин, 117 ампула дексаметазон және өзге де дәрі-дәрмектің 5 мыңнан астам данасы табылған.
ҚР Қылмыстық Кодексінің 214-бабы (Заңсыз кәсіпкерлік) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Департамент өкілдері облыс тұрғындарынан 8 (7122) 35 42 10 сенім телефоны арқылы дәрі-дәрмектерді заңға қайшы, оның ішінде дәріханалардың қымбат бағамен заңсыз сату фактілері туралы хабарлауды сұрайды.
Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА