Атырауда коронавирус инфекциясынан көз жұмғандарды жерлеу үшін арнайы жер бөлінді. Ол Жұмыскер ықшамауданындағы Мұқаш зиратына жақын жердегі аумақ, деп хабарлады облыстық дін істері басқармасы әлеуметтік желіде.
- Санитариялық алгоритм нормаларына сай, марқұмның мүрдесі туыстарына берілмейді және белгіленген аумақта жерленетін болады. Десе де, жерлеу рəсіміне марқұмның ет жақын туыстары санитариялық талаптарды сақтау арқылы қатыса алады, - делінген хабарламада.
Жерлеу рəсімі кезінде марқұмның діни ұстанымы ескеріледі, бөлінген жер қоршаумен екіге бөлінеді.
Марқұм жерленгеннен кейін арада 15-20 күн өткен соң бейіт тұрғызуға немесе зираттың басына баруға болады, - деп хабарлайды дін істері басқармасы.
Естеріңізге салсақ, бұдан бұрын Covid-19-дан көз жұмған марқұмдарды жерлеу үшін «Жұлдыз» ықшамауданындағы «Орбита» мұсылмандар зиратының жанында жер бөлінген болатын. Бірақ ол жер тұрғын үйлерге тым жақын, сондықтан басқа орын белгіленді.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА