10 маусымда орталық базар алдына тамақтан басқа тауарлар саудасымен айналысатын 30 шақты кәсіпкер жиналып, базардың толық ашылуын талап етті.
Осыдан бұрын, 5 маусымда Құлсары қаласында жүздеген шағын және орта кәсіп өкілдері аудандық әкімшілік ғимаратының алдына жиналып, карантинді тоқтатып, базар мен сауда нүктелерін ашу және автобус қозғалысын іске қосуды талап еткен болатын. Кейін Жылыой ауданының бас санитарлық дәрігері Талғат ХАБИБУЛЛИН маусымның 10-нан бастап базар мен сауда орындарының тек азық-түлік сататын бөлігін іске қосуға рұқсат берді. Ал бутик иелері бұл жеңілдікке риза болған жоқ, әрине.
Жылыой ауданы әкімі Азамат БЕКЕТ көпшілікті сабырлыққа шақырып, тарқауға кеңес берді. Бірақ адамдардың ашуы қатты болды.
- Менің бутигім екі айдан бері жабық, алты баламыз бар. Үлкені жетіде, олар тамақ сұрайды, ал мен немді беремін, үйде тамақ жоқ деп қалай түсіндіремін? 42 500 теңгені бір ай беріп, тоқтатып тастады. Бізге еш көмектерің керек емес, базарды толық ашыңдаршы тек, - дейді әйелдердің бірі.
Кейін біз аудан әкімі А. Бекетке хабарластық.
- Бүгін киім-кешек сататын адамдар шыққан. Ең маңызды азық-түлік бөлімі ашылды, ал базар толықтай тек 18 маусымда ашылады. Өз кезегімізде жағдайы төмен отбасыларға демеушілік көрсету жолдарын қарастырамыз. Қалаішілік автобус маршрутына рұсат берілді, - деді әкім.
Орталық базарда 500-ге жуық адам жұмыс жасайды.
Бүгінде Жылой ауданында коронавирус жұқтырған 72 науқас тіркелген.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Бейнежазба әлеуметтік желіден алынды