Атырау, 20 сәуір 11:11
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Тергеу абақтысындағы бүлік: «Ауыр қылмыс үшін сотталғандар басқаларын азғырған»

4 441 просмотра

3 маусымда болған тергеу абақтысындағы тәртіпсіздіктерге байланысты Астанадан арнайы келген ҚАЖ Комитеті төрағасының орынбасары Мейрам АЮБАЕВ, Атырау облысы прокурорының орынбасары Бауыржан ЖҰМАХАНОВ және қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Асылтек ИСПУСИНОВ брифинг өткізді.

- 2 маусымда Атыраудағы тергеу изоляторында кешкі тексеруден кейін бас бостандығынан айыру орындарына этапталатын бес сотталған адам бекітілген тәртіп режимін бұзып, тергеуге алынған басқа адамдарды тәртіпсіздікке шақырған. Бұдан әрі заңсыз іс-әрекеттердің алдын алу үшін бұл тұлғалар тәртіптік изоляторға орналастырылды. Олардың барлығы ауыр және аса ауыр қылмыстар - адам өлтіру, қасақана ауыр дене жарақатын салу, ірі көлемдегі ұрлық үшін түрлі мерзімге сотталған, - деді Аюбаев.

Оның айтуынша, тергеу изоляторында тергеуге алынғандар мен сотталғандардың барлығымен ҚАЖД басшылығы, прокуратура өкілдері, сонымен қатар, тұтқындарды азаптау және басқа да қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас фактілерін болдырмау мен анықтау мақсатында құрылған Ұлттық превентизм механизмінің өкілдері кездесті.

Осы факт бойынша ҚР ҚК-нің 428-бабы (Қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, қазіргі уақытта ғимаратта тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Б.Жұмаханов 3 маусымда прокуратураға 5 сотталушыны азаптағаны туралы хабарлама келіп түскенін айтты:

- Біз шұғыл сол жерге барып, тексеру жүргіздік. Күш көрсету туралы хабарлама расталған жоқ. Дене жарақаты, ұрып-соққан белгілердің бар-жоғын тексердік, бірақ мұндай фактілер анықталмады. Бұдан басқа, сол жерге жиналған туыстарын тыңдадық, олардың сұрақтарына жауап бердік, содан кейін олар үйлеріне тарады. Тексеру-тергеу шаралары толықтай облыс прокурорының бақылауына алынды, ол ҚР ҚПК-ке сәйкес 2 айға созылады.

Ғимараттың өзіндегі жағдай туралы Асылтек Испусинов әңгімеледі:

- Тергеу изоляторында дұрыс тұрмыстық жағдай жасалмаған, бір камерада 7-8 адамнан орналасқан, тышқан, маса-шыбын сияқты жәндіктер бар. Ыстық су, желдеткіш жоқ. Бұл көптен бері көтеріліп келе жатқан проблемалар. Сондықтан да олар өз талаптарын қоюда. Дұрыс жағдай жасау керек. Сондай-ақ, олар дәрі-дәрмектің, дәрігерлердің, стоматологтардың жоқтығына шағымданады. Бірақ бұл мәселелердің барлығын шешуге болады, ақша бөлініп жатыр ғой.

Жұмаханов бұл мәселені теріске шығармады:

- Тергеу изоляторының ғимараты 1971 жылы салынған, шешімді қажет ететін проблемалар бар. Бірақ бәрі қаржыға келіп тіреледі. Бұдан басқа, медицина қызметкеріне арналған 5 орын бос тұр, 82 мың жалақыға ешкім келмейді. Біз санитариялық жағдай бойынша прокурорлық актіні жолдадық, ҚАЖК заң аясында осы мәселемен айналысады деп үміттенеміз.

Қанға боялған шүберектерге келер болсақ, Жұмаханов олардың камера еденінен қырып алынған бояумен боялғанын айтты.

Брифингтің соңында спикерлер бүкіл ақпарат тексеру шаралары аяқталғаннан кейін беріледі деп сендірді.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

5 маусым 2020, 16:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.