Атырау, 23 сәуір 17:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +21
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Атырауда "Сергек" 1 маусымнан бастап іске қосылады

Бейнежазба
3 144 просмотра

Соңғы апталарда әлеуметтік желіде Атырауда 18 мамырдан бастап «ақылды» "Сергек" жүйесінің көмегімен жүргізушілерге айыппұл салынады деген бейресми ақпарат таралуда. Бірақ іс жүзінде 18 мамырдан емес, 1 маусымнан бастап іске қосылады. Толығырақ Атырау облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Мырзалы ӨТЕҒАЛИЕВТІҢ "АЖ"-ға берген сұхбатынан және «Көркем Телеком» ЖШС баспасөз қызметінен алған жауаптан оқыңыздар.

- 13 мамырдан бастап «Сергек» сынақ түрінде іске қосылды. Нақтылап алайық: 1 маусымға дейінгі аралықта ереже бұзушыларға айыппұл салынбай ма?

- Иә, камералар әзірге тек сынақ режимінде жұмыс істейді, - дейді М.Өтеғалиев.

- «Сергек» қандай ереже бұзушылықты тіркейді?

- Қазіргі уақытта Атырауда 150 сызықты жол учаскелерінде және бағдаршаммен жабдықталған 50 қиылыста «Сергек» камералары орнатылды. Сызықты учаскелердегі камералар жылдамдық асырылса, ал қиылыстардағы камералар жылдамдық асырумен қатар, қызыл шамда жүрсе және жол белгілері мен таңбаларының талаптары сақталмаса, тіркеп алады.

- Атырау жолдарының көп бөлігінде таңбалар көрінбейді, оларды жаңбыр шайып кеткен ғой.

- Қалада жол таңбалары мен «СТОП» жол белгілерін орнату жұмыстары мерзімді жасалып тұрады. Қазір де бұл жұмыс жалғасуда. Бірақ таңбалар көрінбесе де, жүргізуші тиесілі жерде тоқтауы керек, яғни жол белгілерінің талаптарын сақтауға міндетті.

- Жол жүру ережесін бұзғаны үшін айыппұл мөлшері қандай?

- Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес, жылдамдықты асырғаны үшін (асыру дәрежесіне қарай) 5 АЕК (13 890 теңге), 10 АЕК (27 780 теңге), 20 АЕК (55 560 теңге); бағдаршамның қызыл шамында жүргені үшін - 10 АЕК, жол белгісі талаптарын бұзғаны үшін - 3 АЕК (8 334 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылған. Бұл әкімшілік айыппұлдардың жергілікті бюджетке түсетінін айта кеткен жөн.

- Ереже бұзушылық туралы хаттама қалай толтырылады және айыппұл қалай салынады?

- «Сергек» қала жолдарында не болып жатқанын автоматты режимде тіркейді. Соған сәйкес, сол режимде ереже бұзушылық түсірілген суреттер мен бейнежазбалар біздің басқармаға түседі. Содан кейін әрбір материалды аттестациядан өткен полиция қызметкері тексереді. Сол уақытта ол «Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіліміне» (ӘҚБТ) полиция қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен тіркеліп, ереже бұзушыға жіберіледі. Осыдан кейін басқарма қызметкерлері сурет-бейнетіркеу деректері негізінде хаттама толтырып, оны «гибридті электрондық пошта» қызметін қолдана отырып, «Қазпошта» АҚ филиалына жібереді. Ал пошташылар оны ереже бұзушының тұрғылықты жеріне жеткізеді. Атырау облысының полиция департаменті айыппұл салынғаны туралы SMS-хабарлама жіберу жөнінде «Кселл» АҚ-мен келісім жасаған. Sms хаттамамен қатар жіберіледі және заңға сәйкес қағаз хабарламамен теңестіріледі.

«Сергек» жүйесін орнатумен айналысатын «Көркем Телеком» ЖШС-нің баспасөз қызметі хабарлағандай, камералар ереже бұзушыларды 30-80 метр қашықтан көреді.

- Жүйе түнгі режимде де жұмыс істейді. Мұнда камералардағы инфрақызыл көмескі жарық пен бағандардағы көше жарығы маңызды рөл атқарады. Ереже бұзушылық онлайн режимінде тіркеліп, 30 күн бойы серверде сақталады, - деді «Көркем Телеком».

- Егер жүргізуші өзіне тағылған ереже бұзушылықпен келіспесе ше?

- «Сергек» жүйесі тіркеген ереже бұзушылықты жасамадым деп есептейтін жүргізуші хабарламада көрсетілген уәкілетті органның телефон нөміріне хабарласа алады.

- «Сергек» жүйесі әртүрлі тәсілдермен мемлекеттік нөмірін «жасыратын» кейбір жүргізушілердің қулықтарын қалай әшкерелейді?

- Бұл аппараттық-бағдарламалық кешенде камера объективі емес, жүйенің «миы» маңызды. Бұл қазақстандық жобалаушылар әзірлеген алгоритмдер. Камералар кескінді серверге жібереді, онда кескін компьютердің көмегімен өңделеді. Біздің нейрондық желі әр символдың он мыңнан астам мағынасын айырып тани алады және адам көзіне көрінбейтін нәрсені оңай көреді.

Айнұр САПАРОВА

Бейнежазбаны түсірген автор

21 мамыр 2020, 23:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.