Атырау, 3 мамыр 15:53
 ашықВ Атырау +15
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

Теңізде коронавирустан қауіптенген 500 адам жұмысқа шығудан бас тартты

3 652 просмотра
Көрнекі сурет

Бүгін, 20 сәуірде Теңіз кенішіндегі «Сана» вахталық поселкесінде тұратын «Консолидейтед Констракшн Инжиниринг & Прокьюрмент С.А.Л.-Офшор» компаниясы филиалының 500-ге жуық қызметкері жұмысқа шықпады. Олар бұдан бұрын «Бірлік» вахталық поселкесінде
Covid-19 жұқтырған науқас анықталғандықтан өндіріс қызметі барысында инфекция жұқтыру қаупі бар екенін алға тартады.

Өңірлік штабтың мәліметінше, қазіргі кезде компания басшылығы мен Жылыой ауданының әкімдігі түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Барлық жұмысшылар жедел тест тапсырып, нәтижелер жарияланғаннан кейін екі күннен соң теріс нәтиже алынған жағдайда жұмысшылар 22 сәуірде жұмысқа шығатындығы жөнінде тараптар өзара келісімге келген.

Осы екі күннің жалақысы сақталады. Оң нәтиже шыққан жағдайда ауру жұқтырған адамдарды ауруханаға жатқызу шаралары алынады.

Жалпы, соңғы күндері кеніштегі жағдай тыныш емес, Инфекция жұқтырғандар анықталғаннан кейін жұмысшылар алаңдаушылық білдіріп, өз талаптарын қоюда. Осыған ұқсас жағдай кеше, 19 сәуірде кешке «Болашақ» вахталық поселкесінде болды. Басқа поселкеден жедел тестілеу үшін жұмысшылар әкелінген кезде «Болашақ» тұрғындары қарсы шыққан еді.

Бүгін Теңіз кенішіндегі соңғы жаңалықтарға байланысты Атырау облысы әкімінің тапсырмасы бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік ШАПКЕНОВТІҢ басшылығымен арнайы жұмыс тобы құрылғандығы белгілі болды. Ол қызметкерлерді тұрғылықты жеріне дейін тасымалдауды ұйымдастыру үшін теңіз кенішіне аттанды.

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

20 сәуір 2020, 15:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.