Әлеуметтік желіде Теңіз кенішінен түсірілген бейнежазба тарап жатыр: 19 сәуір күні кешке «Болашақ» вахталық қалашығында тұратындар жиналып, басқа жатақханадағы жұмысшыларды орналастыруға наразылық білдірді. Өйткені олар коронавирус жұғады деп қорқады.
ТШО-ның баспасөз қызметі іс жүзінде алаңдауға негіз жоқ деп мәлімдеді. «Болашақ» лагерінің тұрғын блогына таңертең ертемен үйлеріне жіберілетін қызметкерлер орналастырылған. Оның барлығы жедел тестілеуден өткен, бәрінен теріс нәтиже көрсетіпті. Енді олар "Болашақта" көлік күтіп жатыр. Сол жерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қазір жағдай тұрақталған.
Естеріңізге сала кетейік, жақында ТШО-ның мердігер компаниялары мен мемлекеттік орган бірлесіп, тікелей өндірістік қызметке тартылмайтын қызметкерлерді үйіне жіберетіні, ал алдағы бірнеше апта ішінде өндірістік қызметтің қарқынын біртіндеп төмендетіп, жұмысшылар санын азайтуды жоспарлап отырғаны белгілі болды.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Әлеуметтік желіден алынған бейнежазбалар