24 ақпанда №2 қалалық сотта Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВАҒА қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Оған ҚР ҚК 371 бабы, 2 бөлімі («Абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соғатын салғырттық») бойынша айып тағылды. Атап айтсақ, бұл жаңа туған нәрестелер өлімі статистикасына қатысты бұрмалауларға байланысты.
Сотталушы соттың бірінші отырысына үйінен келді, қазір ол басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен жүр. Бұл істе жәбірленуші тарап - Атырау облысының әкімдігі. Тергеуді жемқорлыққа қарсы іс-әрекет департаменті жүргізді.
№2 сот баспасөз қызметі хабарлағандай, Аймұрзиева кінәсін мойнына алып, процессуалдық келісімге келуге ниет білдірді. Бұдан басқа, сот үшін оған жағымды мінездемені облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік ШАПКЕНОВ берді.
Еске сала кетейік, жаңа туған нәрестені тоңазытқыш камерасына салып өлтірді деген күдікпен облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Қуаныш НЫСАНБАЕВ пен акушер-гинеколог Асқар ҚАЙЫРЖАНДЫ жемқорлыққа қарсы күрес департаменті қызметкерлері ұстағаннан кейін Аймұрзиева қызметінен кетуге өтініш берді, өйткені Нысанбаевты бұл лауазымға оның өзі тағайындаған болатын.
Мәншүк Аймұрзиева Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасын 2017 жылдың сәуірінде басқарды. Естеріңізде болса, сол кезде облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ оған жергілікті денсаулық сақтау саласында тәртіп енгізіп, біліксіз мамандардан тазартуға тапсырма берген еді.
Фархат ӘБІЛОВ