Атырау, 25 сәуір 17:27
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Атырауда алаяқтық жасады деген күдікпен ломбард директоры іздестірілуде

Бейнежазба
5 134 просмотра


Атырауда полиция «Нұр-Али Капитал» ЖШС жұмысын тексеруді бастады. Жәбірленушілердің айтуынша, компания директоры клиенттерге ломбардқа кепіл ретінде тапсырған автокөлік немесе жылжымайтын мүлікті 2-3 айдан кейін тиімді бағаға сатып, қомақты қаражат етіп қайтаруға уәде берген.  Кеше, 19 ақпанда, алданып қалдық-ау деп алаңдаған бір топ атыраулық ломбардтың алдына жиналды.

Кеңсе жабық, ал директор мен қызметкерлердің телефон номерлері өшірулі. Ломбард директоры - 29 жастағы Ақтөбе облысының тумасы.

Алданғандардың бірі «АЖ» тілшісіне «Нұр-Али Капитал» ЖШС менеджерімен арадағы  WhatsApp хабарламаларын көрсетті. Онда менеджер болған жайт туралы ештеңе білмейтінін, директор тек клиенттерді емес, қызметкерлерді де алдап кетті деп уәж айтқан.

Тағы бір жәбірленушінің айтуынша, компания келесідей сызбамен жұмыс істеген: ломбард автокөлік немесе жылжымайтын мүлікті нарықтағы бағадан 20 пайызға артық бағамен үш айда бөліп төлеу арқылы сатып алады. Бұл әсіресе өздері құтыла алмай жүрген армян және ресей номерлерін таққан автокөлік иелеріне тиімді көрінді. Одан әрі ломбард бірнеше ай ішінде ақша төлеуге кепілдік береді деген келісімшарт нотариус арқылы рәсімделеді. Сондай-ақ айына 30-40 пайыз үстеме ақыға ақша салуға да болатын.

Жиналғандардың айтуынша, сан соғып алданып қалғандардың саны 200-ден асады. Олардың әрқайсысы 500 мыңнан 35 млн теңгеге дейін ақша салған.



Ломбард клиенттерінің бірі Зоя КУПБЕРГЕНОВА «Нұр-Али Капитал» ЖШС қызметкерлері оған өздері хабарласып, кепілдікте тұрған автокөлігін 20 пайыз жоғары бағамен сатып алуға ұсыныс бергенін айтады:

- Өткен жылдың желтоқсан айында мен өзімнің Toyota Ipsum автокөлігін сату үшін хабарландыру жарияладым. Сол кезде маған «Нұр-Али Капитал» ЖШС қызметкері телефон соғып, көлікті сатып алуға ниет білдірді. Олар екі айдан кейін ақшаны толық аласың деп сендірді. «Нұр-Али Капитал» маған 3 млн 600 мың теңге бережақ. Кеше кеңсесіне келсем, ақшасын ала алмай жүрген жалғыз мен емес екенімді білдім. Сол жерде ломбард директорының міндетін атқарушы жиналғандарға ертең сағат 14.00-де келуімізді өтінді. Өзіңіз көріп тұрғандай, есіктері жабық, ал телефондары өшірулі.

Бірқатары аяқ астынан байып қалу үшін несие алған, айналғанда дымсыз қалды. Мәселен, салымшының бірі су жаңа  Toyota Land Cruiser Prado автокөлігін несиеге алып, осы ломбардқа тапсырған.

Атырау облысының полиция департаментінің хабарлауынша, «Нұр-Али Капитал» ломбардының қызметіне 5 адам шағымданған, алдағы уақытта зардап шеккендердің саны көбеюі мүмкін. Тексеру жүргізілуде, әзірге компания директоры ұсталмаған.

Егер оқиға расталса, бұл - жыл басынан бергі  ірі көлемде жасалған алаяқтық әрекеттің екіншісі. Естеріңізге салсақ, қаңтардың аяғында полиция жеке балабақша мен оқу орталықтарын ашып, ата-аналардан жарты жыл немесе бір жылға алдын ала төлем алып, өзі көзден ғайып болып, алаяқтық жасаған 26 жастағы әйелді құрықтады.  

Фархат ӘБІЛОВ

Коллажды жасаған және бейнежазбаны түсірген автор

20 ақпан 2020, 17:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.