Атыраудағы Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде облыстық полиция департаментінің бастығы Хамза ҮМБЕТҚАЛИЕВТІҢ 2019 жылдың қорытындысы бойынша тұрғындармен кездесуі өтті.
Залды мазасыздық жайлады, қатысушылардың көпшілігі полицейлер болды, ал бұл полиция бастығына сауал беруге келген қалалықтарға ұнай қоймады.
Кездесу құқық бұзушылықтарға қатысты баяндамамен басталды. 2019 жылы қала тұрғындарынан әлеуметтік желілер арқылы полицияға 2 мыңнан астам шағымдар түскен. Барлық арыздар назардан тыс қалған жоқ, - деп атап өтті Үмбетқалиев.
2019 жылы 2018 жылмен салыстырғанда тіркелген қылмыстық істердің жалпы саны 6,8% (6502-ден 6063-ке дейін) төмендеді, оның ішінде адам өлтіру 4,0% (25-тен 24-ке дейін), ұрлық 21,4% (196-дан 154-ке дейін), қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 44,7% (814-тен 450-ге дейін).
- Барлық тіркелген қылмыстардың 50%-дан астамы ұрлық. Облыста ұрлықтың 3113 фактісі тіркелген. Қазір біз осыған қатысты жұмыс жасап жатырмыз. Қылмыстың алдын алу үшін қалада 18 полиция бекеті ашылды. Соның арқасында ұрлық 20,4%-ға төмендеді.
Облыстың бас полицейі азаматтарды алаяқтарға алданбауға шақырды. Оның айтуынша, атыраулықтар көбіне Интернет арқылы алданып қалады екен.
- 1215 алаяқтық фактісінің 452-сі интернет арқылы жасалған. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 2019 жылы алаяқтық үшін Батыс Қазақстан облысының тұрғыны ұсталды. Ол әлеуметтік желі арқылы атыраулықтарды 15 рет алдап кеткен. Сондай-ақ, белсенді алаяқтар қатарында Алматы, Маңғыстау облыстарының және Атырау облысының 4 тұрғыны бар. Мен тұрғындарды қырағылық танытып, ақшаны аударғанда мәліметтерді қайта тексеруге шақырамын. Егер алаяқтық фактілері болған жағдайда міндетті түрде полицияға хабарласу керек, - деп қорытындылады Үмбетқалиев.
Атырауда өткен жылы шамамен 13 келі есірткі тәркіленіп, есірткі заттары айналымына байланысты 142 қылмыс анықталды.
2019 жылы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына ересектердің қарауынсыз қалған 55 жасөспірім орналастырылды. Әкімішлік жауапкершілікке 2356 кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналары тартылды. Атырау облысында өткен жыл ішінде 88 мыңнан астам шетелдік азамат тіркелді. Негізінен олардың басым бөлігі жақын шетелдерден – 76,5 мың, қалғандары алыс шетелдерден келгендер. Келімсектер тарапынан 64 құқық бұзушылық тіркелді.
Баяндаманың соңында Хамза Үмбетқалиев Авангард ықшамауданында жылу құбырының маңынан тастанды сәбиді тауып алған қала тұрғыны Надежда ПАЛИЙДІ марапаттап, алғыс хат берді. Сондай-ақ, полицейлердің мұз астына түсіп кеткен балаларды құтқаруына көмектескен Дамир АЯУБАЕВ та марапатқа ие болды.
Одан әрі залдан полиция бастығына сұрақтар қойылды.
- Ресейден көлік сатып алып, оны Ресей азаматының атына тіркеп, Қазақстанда емін-еркін жүруге бола ма? – деді өзін таныстырмаған Атырау қаласының тұрғыны.
- Қазақстан азаматтары Ресейде тіркелген көлікпен бір жыл бойына жүре алады. Кейін автокөлікті кем дегенде 30 күнге шекарадан шығару керек. Қазақстан аумағына келгеніне бір жылдан асқан және қайта тіркеуден өтпеген автокөліктер заңсыз деп есептеледі, - деп жауап берді оған әкімшілік полиция бастығының орынбасары Мырзалы ӨТЕҒАЛИЕВ.
Қала тұрғыны Айна АТАМҚҰЛОВА полицияға 28 рет арызданғанмен, бірде-біреуінің қаралмағанына шағымданды. Оның айтуынша, мұны қылмыстық іс қозғаған полицейлер мен арнайы жасақтың бұрынғы қызметкері қорқытып жүр екен. Хамза Үмбетқалиев оның барлық арызы өз уақытында қаралғанын, ал қалған басқа мәселелер бойынша оны жеке қабылдауға дайын екенін айтты.
- Мен сізді полициядан шығаруын талап етемін! Сіз жұмыс істей алмайсыз! Сіздің орныңызға ҰҚК қызметкерлерін тағайындау керек! Міне, олар қалай жұмыс жасауды және полицияны қалай тазарту керектігін біледі. Жүйені өзгерту керек. Жұмыс істемейсіз және бар нәрсеге көз жұма қарап отырсыз! – деп сөйлеген ол залдан шығып кете барды.
Қала маңындағы Томарлы ауылының тұрғыны Талғат ҚАЛМЕНОВ күлкілі жағдайды айтып берді. Оның үйінен шамамен 1 млн теңгені ұрлап кеткен. Ол полицияға арызданған. Алайда қылмыскерлер әлі күнге табылмаған. Кейін оның үйіне ұрылар келіп, полициядан арызын алуды өтінген.
- Мені тонап кеткен адамдар келіп кешірім сұрады! Ал сіздер оларды таба алмай отырсыздар. Оның үстіне маған еш ескертпестен полиция істі жауып тастаған. Бұл қалай болғаны? Бұл жерде бір гәп бар, - деп ашуланды бұл іске полицейлердің де қатысы бар деп күдіктенген Қалменов.
Атырау облысы ПД бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Нығмет МУТИГУЛЛИН мәселені шешуге уәде берді.
«АЖ» тілшісінің сұрағына Хамза Үмбетқалиев баспасөз қызметі арқылы жазбаша жауап берді.
«АЖ» сұрақтары:
- Егер сіздің орынбасарларыңыздың бірі сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс бойынша күдікті болса, сіз отставкаға кетуге дайынсыз ба?
- Егер орынбасарларымның бірін жемқорлық құқықбұзушылық бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартатын болса, онда мен заң бойынша жаза алуға дайынмын.
- Жақында полиция инспекторын мас күйінде көлік жүргізгені үшін 15 тәулікке қамап, 7 жылға жүргізушілік құқығынан айырған болатын. Сотта ол бұны ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері әдейі ұйымдастырды деп мәлімдеген болатын. Осыған қатысты қызметтік тергеу жүргізілді ме?
- Жоқ, сот өз бағасын берді. Өздеріңіз білесіздер, кез келген азамат сот шешіміне шағымдана алады.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор