4 қаңтарда кешкі сағат 8-дерде Жайық өзенінің қала маңындағы Томарлы-2 ауылы тұсында мұз опырылып, үстінде ойнап жүрген төрт баланың бірі суға батып кетті.
12-15 жастағы үш бала «ағзаның тоңазуы» деген диагнозбен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Алдын ала анықталған мәлімет бойынша, әлі қатып үлгермеген мұз балалардың салмағымен ойылып кеткен.
- Үш бала құтқарылды, бірақ 14 жастағы бір бала суға батып кетті. Екі жасөспірім облыстық балалар ауруханасында жатыр, үшіншісі үйіне кетті. Қазір суға кеткен жасөспірімді іздеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыстарға 9 адам, соның ішінде төрт сүңгуір және кинологиялық қызметтің қызметкері қызметтік-іздегіш итпен жағалауды тексеру жұмыстарына жұмылдырылды, - деді бүгін күндіз арнайы шақырылған брифингте ТЖД бастығының орынбасары Асхат ЕРЖАНОВ.
Соңғы мәліметтер бойынша, баланың денесі кешкі сағат 18 шамасында, ағыстан төмен қарай оқиға орнынан 25-30 метр жерден табылған.
Бұдан басқа, Атырау полициясы қалалық №2 полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары Қуандық СҮЙІНДІКОВ пен Тимур БАЛМАҒАНБЕТОВТІҢ суға батып бара жатқан жасөспірімдерді құтқарған кезде полицей жетонына түсіп қалған видеоны жариялады.
Қаза болған жасөспірім - Б.Момышұлы атындағы №25 орта мектептің оқушысы.
Фархат ӘБІЛОВ