15 қаңтарда таңертең Атыраудың Авангард-3 ықшамауданында жергілікті тұрғын орамалға оралған жаңа туған қыз баланы тапқан.
Әйел жылаған бала дауысын естіп, жақын келгенде кішкене нәрестені көрген. Бірден пәтеріне алып барып, жедел жәрдем мен полицияға хабарлаған. Полиция департаменті бұл фактіні растады және «дәл қазір тексеру жүргізіліп жатқанын» хабарлады.
- Жедел жәрдем қызметі оқиға орнына 07:31 сағатта жеткен. Жаңа туған нәресте қыз бала болып шықты, тірі, күні жетіп босанған. Сәбиге тоңазып қалған деген диагноз қойылды. Ол облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Ауруханаға түскен кездегі оның жағдайы тұрақты-ауыр, дәл қазіргі сәтте – тұрақты, - деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі. - Қазір дәрігерлер баланы құтқарып қалу үшін қолдан келгендерін жасап жатыр. Ол жаңа туған балаларды күтуге арналған арнайы кувеге орналастырылды, - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Мұндай қылмыс Атырауда 2017 жылдың қараша айында болған еді: Нұрсаядағы үйлердің бірінің жанындағы қоқыс контейнерінен пакетке оралған жаңа туған шарана табылған болатын. Кейін баланы асырап алушылар табылды, ал туған шешесі ақыры табылмады.
- Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 119-бабы (Қауiптi жағдайда қалдыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Фархат ӘБІЛОВ