Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында осыдан жеті жыл бұрын өз күйеуін өлтіріп, кейін мүрдесін туысқандарының көмегімен бөлшектеп, көміп тастаған әйелге қатысты іс бойынша үкім шықты.
Іс материалдары бойынша, әйел күйеуінің тамағына ұйықтататын дәрі қосып, ол ұйықтап қалғаннан кейін жастықпен тұншықтырып өлтірген. Содан кейін ол үлкен қызы мен жиенінің көмегімен мәйітті бөлшектеп, үйдің ауласына көміп тастайды. Артынша сол жерге тауық қора салады. Күйеуін сұрағандарға ол дін жолына түсіп, үйден кетіп қалды деп жауап беріп отырған.
Арада уақыт өткеннен кейін жиені әлгі оқиғаны құпияда ұстау үшін әйелдерден ақша талап етеді, әйтпесе полицияға хабарлаймын деп қорқытқан. Сол балаға ақша керек болмағанда, бұл қылмыс қанша уақытқа дейін жасырын күйде қалатыны белгісіз. Әйелдер көп ойланбай, бізді ақша сұрап бопсалады деп өздерімен сыбайлас болған баланың үстінен арыз береді. Бала ұсталады, осылайша кісі өлтірген қылмыс та жария болады.
Бұған дейін «АЖ» хабарлағандай, кісі өлтіру және бопсалау туралы істер жеке-жеке тергелді. Соттың алдына алдымен екінші іс түседі. Боспсалаған баланы ҚР ҚК-нің 194-бабы бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды. Бұл ретте оның «өз кінәсін толық мойындап, өкінгені» және «аса ауыр қылмысты ашуға белсенді көмек көрсеткені» ескерілді.
Сотта кісі өлтірген өзінің әйелі екені, ал қызы мен жиені оны бөлшектеуге қатысқаны анықталды.
- Қылмыстық жауапкершілікке тартудың мерзімі өткенін ескере отырып, 2019 жылдың қаңтарында оларға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды, - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Ал кісі өлтірушіге қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері тағы бір жылға созылды. Жақында сот әйелді кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Әйел жазасын орта қауіпсіздік мекемесінде (жалпы режимдегі колония) өтейді.
Фархат ӘБІЛОВ