Құлсары қаласында 2011 жылы басталып, жобалық-сметалық құжаттамалары сәйкес болмауына байланысты 2013 жылы тоқтатылған кәріз суын тазарту станциясының (КТС) құрылысы жалғасын таппайтын болды. Осы уақыт ішінде бас мердігер - «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС бастапқы бөлінген 1,1 млрд теңгенің 980 млн теңгесін жойып үлгерген.
Өткен жылы тапсырыс беруші - облыстық құрылыс басқармасы жобалау құжаттарын түзету жұмыстары аяқталысымен кәріз суын тазартатын станция құрылысы жалғасады деп мәлімдеген болатын. Алайда енді бұл нысанның «кәріз суына ағызылған» миллиардтың ескерткіші болып қалатыны белгілі болды. Өйткені «Жылыойсу» КМК-ны сенімгерлік басқаруға алған «ГазМұнайСервис» ЖШС ескі құрылысты жалғастырудан бас тартып, жаңадан қуаттылығы 500 текше метр КТС салуға 2,5 млрд теңге инвестиция салмақ.
- Жаңа станцияның құрылысы үшін қала әкімдігінің шешімімен 2 гектарға жуық жер алдық. Жуырда нысанның жобалау-сараптамалық құжаты сараптамадан өтіп келді. Біз құрылыс жұмыстарын келесі жылдың қаңтарынан бастауды ұйғарып отырмыз, - дейді «Жылыойсу» КМК директоры Берік АЛАГӨЗОВ. - Құлсарыда су тапшылығы жылдан-жылға қатты сезілуде. Әсіресе бұл жаз мезгілінде ушығады. Кәріз суынын тазартылған техникалық суды халық бау-бақша, ағаштарды суаруға, құрылыс жұмыстарына пайдаланып, бұл ауыз суды үнемдеуге мүмкіндік берер еді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА