Құлсары қаласында кәріз суын тазартатын станса құрылысының салынып жатқанына алты жыл болды. Нысанды тапсыру мерзімі әзірге белгісіз.
Қаладағы кәріз суын тазартатын ескі стансаның тозығы жетіп, 2011 жылы Құлсары қаласындағы жаңа кәріздік-тазарту қондырғысының құрылысы басталды. Алайда, екі жылдан соң нысанның мемлекеттік сараптамамен бекітілген жобалық-сметалық құжаттамасына сәйкес салынбауына байланысты құрылыс тоқтатылып тасталды. Нысан құрылысының бүгінде 30 пайызы бітіп тұр. 2011-2013 жылдары құрылысқа 980 млн теңге жұмсалған болатын.
- 2012-2013 жылдары жүргізілген сот-тергеу амалдары кезінде орындалған жұмыс актілері, қаржылық және есеп құжаттамаларының басқармаға ұсынылмауына байланысты нақты орындалған жұмыс көлемін анықтау мүмкін болмады. Бүгінде нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын түзету жұмыстары аяқталып, осы жылдың маусым айында Мемсараптамаға тапсыру жоспарлануда. Жоба құны шамамен 900 млн теңге болып тұр, - дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы С. ТІЛЕУҒАЛИЕВА. - Мемсараптаманың оң қорытындысына сәйкес, нысан құрылысына қосымша қаржы бөлу жөнінде облыстық мәслихаттың күзгі сессиясына ұсыныс енгізілуде. Ләззат ҚАРАЖАНОВА