Құлсары қаласында бірнеше жыл бойы салынған, кейіннен құрылысы мүлдем тұрып қалған кәріздік су тазарту станциясы (КСС) туралы бұрын жазғанбыз. Бүгінде иесіз қалған бұл нысан іске қосылмай, ескіріп жатыр.
- Жазда Құлсарыда су тапшылығы орын алып жүргені жасырын емес. Осы КСС пайдаланылуға берілсе, техникалық суды тұрғындар егін суаруға және басқа да қажеттеріне жарату мүмкіндігі туар еді,-дейді Жылыой аудандық ТКШ бөлімінің басшысы Ернар ЫСМАҒҰЛОВ.
«АЖ» тілшісі облыстың экс-әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТІҢ кезінде басталып, құрылысы аяқталмай қалған нысанға барды. Көргеніміз көңіл тыншытпайды: қақпалары жұлынған, аңғал-саңғал, қоршаулары шұрқ-тесік.
Облыстық құрылыс басқармасының бастығы Мәлік АМАНОВ редакциялық сауалымызға былай жауап берді:
-«Құлсары қаласындағы кәріздік-тазарту нысанының құрылысын 2011 жылы «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС жүргізе бастаған. Нысанның бастапқы сметалық құны -1,1млрд теңге. 2012-2013 жылдары 980 млн теңгесі игерілген. Құрылыс барысында нысанның мемлекеттік сараптамамен бекітілген жобаға сәйкес салынбағаны анықталған. Сонымен қатар пайдалануға тиісті құрал-жабдықтарды жаңарту қажеттілігі туындады. Қазіргі уақытта ЖСҚ-ны түзету жұмыстары аяқталып жатыр. Жобаның жалпы болжамды құны-1,53 млрд теңге. Құрылысты жалғастыру мерзімі 2018-2020 жылдарға жоспарланған. Ал нысанды күзету ТКШ бөліміне жүктелген.
Алайда бөлімі басшысы Е. Ысмағұловтың айтуынша, бітпеген нысанды күзету бөлімнің құзыретіне кірмейтінін, мердігердің міндетінде болатындығын айтты.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор