Босандыру залы мен жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөлімшесі орналасқан облыстық перинаталды орталықтың ескі ғимарат блогы жөндеу жұмыстарына жабылады. Осыған байланысты Алмагүл ықшамауданында орналасқан қалалық перзентхананың жүктемесі көбейді.
Естеріңізге салсақ, облыстық перзентхана ғимараты 1978 жылы бой көтеріп, 2015 жылы демеуқаржы есебінен құрылысы қайта жаңартылып, күрделі жөндеуден өткен болатын. Сол кезде жаңалықтарға түсінік бере отырып, облыстық перинаталды орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Асқар КЕНЖЕҒАЛИЕВ өкпеге орталықтандырылған жасанды оттегі мен сығымдалған ауа айдау жүйесі, сондай-ақ инфекцияның алдын-алу үшін өте маңызы бар орынжайды желдету жүйесі туралы ерекше атап өткен еді.
Бүкіл әлемде ауруханаішілік инфекциялар проблема болып отыр, яғни, олар ғимаратқа «бейімделген» және өзіндік ерекшеліктері бар инфекциялар. Егер олар науқастарға жұқса, оларды шығару өте қиын болады.
Шамасы, Денсаулық сақтау министрімен жақында өткен кездесуде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөлімінің басшысы Темірбек МҰСАҒАЛИЕВ осы жүйенің жарамсыздығы туралы айтқан шығар. Өкінішке орай, онымен байланысу мүмкін болмады.
- Бұрын біздің перзентхана 2-деңгейдегі медициналық мекеме болып саналды. Біз пациенттерді жүктіліктің 32-36 апталарында қабылдадық, бізде тек физиологиялық босандыру ғана болды. Бірақ қазан айынан бастап 3-ші деңгейге көштік, енді әртүрлі патологиясы бар пациенттерді қабылдаймыз, - дейді қалалық перзентхананың бас дәрігері Гүлзейнеп ДҮСІПОВА. – Қажетті жабдықтар бар. Гинекология бөлімшесін қысқарту арқылы босанудан кейінгі бөлім мен жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімі кеңейтілді. Ал жоспарланған гинекологиялық бөлімнің пациенттері енді №1 облыстық ауруханада емделетін болады. Осы күндері пациенттер ағымы екі есеге, ал ота жасау белсенділігі үш есеге артты. Біздегі жұмыстарды күшейту үшін Нұр-Сұлтаннан, Алматы, Ақтөбе қалаларынан профессорлар, доценттер, жоғары санатты дәрігерлер: 2 анестезиолог, 2 неонатолог, 2 акушер-гинеколог келді. Олармен бірлесіп жұмыс жасау біздің дәрігерлер үшін керемет тәжірибе мектебі болады.
Г. Дүсіпованың айтуынша, келген дәрігерлер тобы облысымызда қажет болғанша, кем дегенде – жыл аяғына дейін жұмыс істейді.
Бұдан бұрын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВА қалалық перзентхананы екінші деңгейден үшінші деңгейге ауыстыру жұмыстары жыл басынан бастап жүргізілгенін айтқан болатын. Босандыруды ұйымдастыру күшейтілді. Ал осы жерге облыстық перинаталдық орталықтан анестезист-реаниматолог ауыстырылып, өтілі мен тәжірибесі бар мамандар келген еді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА