Атырау облыстық перинаталдық орталығындағылар ҚР вице-премьеріне сәбилер өлімінің күрт өсу себептерін түсіндіре алмады.
Бүгін, 11 қазанда, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ бастаған делегация облыстық перинаталдық орталыққа келді. Делегация құрамында денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ, парламент депутаттары болды. Вице-премьер облыстық перзентханадағы қиын жағдай кеше ғана болмағанын, жыл басында сәбилер өлімін азайту жоспары жасалғанын, бірақ жағдай одан бетер нашарлағанын атап өтті.
Тамыз айында облыстық прокуратура сұмдық статистиканы жариялап, осыған байланысты бұл жерде мобильдік топ өз жұмысын бастады. Ал жаңа туған нәрестені өлтіру туралы резонансты қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы комиссиясы келді.
Вице-премьер орталықтың 31 қызметкерінің жұмыстан кету туралы ұжымдық арыздары туралы айтты:
- Ештеңеге қарамастан, адамдарды емдеуді жалғастыруларыңыз керек, сіздер Гиппократ антын бердіңіздер ғой. Сіздерден кәсіби міндеттеріңізді адал атқаруды жалғастыруларыңызды сұраймыз.
Атырау облысының басшылығына перинаталдық орталықта қалыптасқан жағдайды жеке бақылауға алуды тапсырамын. Медицина мекемесіндегі кемшіліктерді жою қажет. Қылмыстық істі тергеу заңға сәйкес жүргізіледі және ол жұмыс процесіне еш әсер етпеуі тиіс.
- Неліктен 9 айда 99 бала қайтыс болды? Бұл - дүниеге келген жалпы сәбилер санының 14%-ы. Ана мен бала өлімі мәселесі облыстағы күн тәртібінен түспей тұр, - деді Сапарбаев облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВАҒА қарап.
Басқарма басшысы орталықтың кадрлармен қамтамасыз етілгенін, жыл сайын мекеменің материалдық-техникалық базасын жақсартуға қомақты қаражат бөлінетінін, мысалы, өткен жылы, 190 миллион теңге бөлінгенін айтты.
М.Аймұрзиеваның пікірінше, орталықтағы өлім себептерінің бірі - бұл орталық 3-деңгейдегі медициналық мекеме, сондықтан мұнда дәрігерлер де кейде көмектесе алмайтын ауыр жағдайдағы науқастар жіберіледі екен.
- Егер әлдебір проблемалар болса, онда тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау бөлімі неге дабыл қақпайды? - деп сұрақ қойды вице-премьер.
- Біз орталықты жылына 2 рет тексеруге құқылымыз. Тексеру нәтижелері бойынша көктемде құжат жасалды - перзентханада кір жуатын бөлмеде желдетуге қатысты ақаулар болды. Кемшіліктер жойылған жоқ, біз материалдарды құқық қорғау органдарына жібердік, олар қылмыс құрамын таппады, - деді департамент басшысы Темірбек МҰСАҒАЛИЕВ.
Ұжым атынан облыстық перинаталдық орталық бас дәрігерінің орынбасары Асқар КЕНЖЕҒАЛИЕВ сөз сөйледі. Оның еңбек еткеніне 27 жыл болған, бірақ, оның айтуынша, бұрын-соңды мұндай ширыққан жағдай болмапты, қазір ұжымға жұмыс істеу оңай болмай отыр екен.
- Жұмыс тәжірибеңіз мол, сіздің ойыңызша, егер дәрігерлер жақсы жұмыс істесе, соңғы кездері балалар өлімінің көбею себептері неде? – деп сұрады Сапарбаев.
Мұндай бетбұрысты күтпеген А.Кенжеғалиев сасқалақтап қалып, бар болғаны инфекцияға меңзеді. Алайда оның не айтқысы келгені түсінікті болмады, айналғанда сөзін асығыс бітіре салды. Ал бұл кезде делегация №1 облыстық ауруханаға барып, акт залында МӘМС енгізу мәселелері талқыланып жатты.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор