Атырау, 24 қараша 04:07
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырауда облыс әкімінің бұрынғы орынбасарына, білім беру басқармасының экс-басшысына және басқаларға қатысты сот басталды

5 753 просмотра


№2 Атырау қалалық сотында Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле САЙЛАУОВАҒА, облыстық білім беру басқармасының бұрынғы басшысы Қайырғали КЕНЖЕҒАЛИЕВҚА, оның орынбасары Роза ҚАБДОЛОВАҒА, Кіші Өнер академиясының жанындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың бас есепшісі Назымгүл МӘЖИТОВАҒА, сонымен қатар, білім беру саласының қызметкерлері Ғабит ҚАБЕКЕНОВКЕ, Құндыз ИМАНҒАЗИЕВАҒА, Қансұлу ЖАМИЛОВАҒА және Бейбіт ЗАБЕНОВАҒА қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Бірінші отырыс айыптау актісін жариялауға арналды.

Тек Сайлауова ғана сотқа тергеу абақтысынан жеткізілді. Ол осы жылдың наурыз айында - отставкаға кеткеннен кейін үш айдан соң қамауға алынып, қамаудан босатылмаған еді. Тамыз айында ол 100 миллион теңге кепілмен босатылды деген қауесет тараған болатын. Бірақ бұл қауесет расталмады. Басқа жаққа шықпау туралы қолхат жазған қалған 7 айыпталушы сотқа үйлерінен келді.

Нұрсәуле Сайлауова ҚР ҚК-нің 189-бабы 3-тармағының 2-тармақшасына (Қызмет бабын пайдалана отырып, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу), 362-бабы 4-тармағының 3-тармақшасына (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану), 366-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына (Қорқытып алу жолымен пара алу) сәйкес айыпталуда.

Қайырғали Кенжеғалиев, Роза Қабдолова және Ғабит Қабекеновтерге 189, 362, 366 және 190-баптар (Алаяқтық) бойынша, қалғандарына 189-бап бойынша олардың сыбайластары ретінде айып тағылуда.

Атап айтқанда, айыптау актісіне сүйенсек, білім беру басқармасының бастығы Кенжеғалиев жұбайын әдістемелік орталыққа жұмысқа орналастырған. Бірақ жұбайы бұл туралы білмеген, шенеунік оған есептелген жалақыны жеке қажеттіліктері үшін жұмсаған. Оның орынбасары Қабдоловамен байланысты тағы бір айыптау тармағы: орынбасары жыл сайын Атырауда Президенттік шыршаны өткізуге бөлінетін қаражаттың бір бөлігін (барлығы 38 миллион теңге) жүйелі түрде иемденіп келген.



Сот процесі ашық және резонансты болғанына қарамастан, судья Жұмағали ТАШИМОВ адвокаттың өтініші бойынша сот залында суретке және бейнежазбаға түсіруге тыйым салды. Содан кейін судьяның талабы бойынша журналистер түгелдей залдан шығарылды. Тек БАҚ өкілдері №2 қалалық сотының төрағасы Мирамбек НАҒАШЫБАЕВҚА жүгінгеннен кейін ғана оларды кері залға кіргізді. «АЖ» осыған қатысты облыстық сот пен ҚР Жоғарғы Сотына шағымданды. Бұдан басқа, сот ғимаратындағы отырыс кезінде ұялы байланысты өшіріп тастады.

Айыптау актісі 180 парақтан тұрады, оны оқу келесі сот отырысында жалғасады.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

3 қазан 2019, 12:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.