Атырау, 24 қараша 08:04
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Құқылы болса да, тізімге ілінбеген

Сурет Бейнежазба
5 490 просмотра


Атырауда түсініксіз себептермен айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару тізіміне ілікпеген жандар таңғы сағат 4-тен бастап қалалық АХАЖ бөлімінде кезек күтіп отырады. Бұл бөлім келушілердің көптігіне байланысты уақытша Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайының іргеқабатына уақытша «көшіп келген».



Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайының іргеқабатына негізінен көп балалы отбасылардың өкілдері жиналған.  Олардың қойып отырған талаптары бірдей: Президенттің «ҚР азаматтарының борыштық жүктемесін азайту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, олар бұған құқылы болса да, тізімге енбеген. Байланыс орталығында (111) оларға неке туралы куәлікті цифрландыру үшін АХАЖ бөліміне жүгінуге кеңес берген.



- Біз неке туралы куәліктерді цифрландырумен айналысамыз. 2008 жылға дейін ол болған жоқ, сондықтан кейбір отбасылар мәліметтер базасында жоқ. Олар бізге құжаттарымен келуі керек, операторларымыз оларды қабылдап, дерекқорға енгізеді. Адамдар біздің несиелерді есептен шығарумен айналыспайтынымызды түсінбейді, біз тек оларды көпбалалы отбасы ретінде көрінуі үшін дерекқорға енгіземіз, - дейді қалалық  АХАЖ бөлімінің сектор меңгерушісі Алмагүл ТӨРЕМҰРАТОВА.



Тек кеше, 9 қыркүйекте АХАЖ операторлары 500-ден астам адамды қабылдаған. Қазір кіре берісте 100-ден астам адам тұр.

- Мен сағат 6-да келдім, қазір сағат 11-ден кетті. Әлі күтіп тұрмын. Өзім II топ мүгедегімін, әрі көпбалалы отбасымыз. Неге тізімге ілікпегенімізді білмеймін, ешкім ештеңе білмейді. Кезегім қашан келеді деп күтіп тұрмын, - дейді көп балалы ана Роза ҚАЗБЕКОВА.



Көп балалы Сапархан апа да кезекте тұр. Өткен жылы ол Орынборға көзін емдету үшін 500 мың теңге көлемінде несие алған, айына 60 мың алатын зейнетақысының 32 мыңын банкке аударады. Төлемдерді уақытында төлеу мүмкін болмай жатады, сондықтан өсімпұлды кешіру қаржылық ауыртпалықты едәуір жеңілдетер еді.

Кезекте ер адамдар да тұр. Көп балалы әке Жанатбек ЧИНИЗОВ та өзін бұл тізімнен таба алмаған.

- Кеше сағат екіден алтыға дейін осы жерде тұрдым, қызмет көрсетіп үлгермеді. Операторлар үлгермей жатыр деді. Бүгін таңертең 9-да келдім, әлі күтіп тұрмын. Өзім көп балалы әкемін, қыста балаларға суық болғандықтан, үйімді жөндеуге 1 миллион теңге несие алдым. Мүмкін операторларды көбейтіп немесе жұмыс кестесін ұзартатын шығар? - деп үміттенеді Жанатбек.



ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНДА ДА ДҮРЛІГІС

«ҚР азаматтарының борыштық жүктемесін азайту жөніндегі шаралар туралы» жарлық күшіне енгеннен кейін банктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтарында да дүрлігіс байқалады.

«Қазір бүкіл Қазақстан халқының көңілі көтеріңкі - президенттің жарлығы бойынша борыш жүктемесі азайып, қарыздардың бір бөлігі қысқарды. Бірақ содан кейін сұрақтар туындайды: жеңілдіктер кімге тиесілі және егер тізімде жоқ болса, не істеу керектігін қалай білуге болады? Шағын лайфхактармен талқылап, бөлісейік, - деп жазды Facebook-те «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ-ның басқарушы директоры Мұрат ЖҰМАНБАЙ.

Мәртебені қалай тексеруге болады:

https://nws6.enbek.kz/ru/status-check сайтына кіріп, «борыштық жүктемені азайту бағдарламасына қатысу үшін мәртебені тексеруді» таңдаңыз; ЖСН-ді енгізіп, мәртебеңізді біліңіз.

Немесе:

бірыңғай 111 нөміріне қоңырау шалыңыз;

egov.kz электрондық үкімет порталынан біліңіз;

ХҚКО-ға барыңыз.


ТІЗІМДЕ ЖОҚСЫЗ БА?

Кеше Нұр-Сұлтанда өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана ЖАҚЫПОВА несиені өтеу бағдарламасына қатысушылар тізіміне кірмеген, бірақ азаматтардың әлеуметтік қорғалмаған санаттарына жататын азаматтар мәліметтерді нақтылап, қосымша тізімге енгізу үшін Еңбек министрлігіне немесе ҚР Білім және ғылым министрлігіне жүгіне алатындығын айтты.

- Егер адам өзін «тұл жетім» деп санаса, ол үш құжатты: ата-анасының қайтыс болғаны туралы куәлік пен туу туралы куәлігін қоса, Білім және ғылым министрлігіне жүгінуі тиіс. Егер көпбалалы отбасы санатында жұбайы балалардың әкесі ретінде анықталмаса, тұрғылықты жеріңіздегі АХАЖ бөліміне жүгініп, неке туралы куәлікті цифрлауыңыз керек.

Жақыпова барлық жаңа мәліметтер Еңбек министрлігі жүйесіне автоматты түрде енеді, қосымша тізім жасалып, екінші деңгейлі банктерде әрі қарай өңдеу үшін мемлекеттік несиелік бюроға жіберіледі деп сендірді.

Естеріңізге салсақ, Жарлыққа сәйкес айыппұлдар мен өсімпұлдар мына санаттарға кешіріледі: 2019 жылдың 26 маусымындағы ахуал бойынша көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылуына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер бар отбасылар,  атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, кәмелеттік жасқа дейін ата-анасынан  айрылған, жиырма тоғыз жасқа толмағандар. Олар үшін 2019 жылғы 1 маусымдағы ахуал бойынша 300 мың теңгеге дейінгі көлемде қарыздарын өтеу қарастырылған.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

10 қыркүйек 2019, 17:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.