Атырау облысында кепілдіксіз тұтынушылық қарыздар бойынша 1,4 млрд теңгеден астам айыппұлдар мен өсімпұлдар кешірілді. Бұл туралы «AЖ»-ға ҚР Ұлттық банкі филиалы директорының орынбасары Серік ОМАРОВ хабарлады.
Бұл «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлыққа сәйкес жасалған.
Құжаттың ең алдымен несие алып, бірақ оны төлеуге мүмкіндігі болмаған халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталғаны белгілі. Бұлар - 2019 жылдың 26 маусымындағы ахуал бойынша, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылуына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, кәмелеттік жасқа дейін ата-анасынан айрылған, жиырма тоғыз жасқа толмағандар. Олар үшін 2019 жылғы 1 маусымдағы ахуал бойынша екінші деңгейлі банктерде және микроқаржы ұйымдарында 300 мың теңгеге дейінгі көлемде қарыздарын өтеу қарастырылған. Жарлықтың екінші бөлімі екінші деңгейлі банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық несиелері бар азаматтардың барлық санаттарына қатысты - оларға 2019 жылдың 1 шілдесіндегі ахуал бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдар өтелуі тиіс болды.
- Атырау облысында 37 335 қарыз алушының жалпы 1 млрд 429 млн теңге сомадағы айыппұлдары мен өсімпұлдары кешірілді. Әңгіме жарлықтың екінші бағытын орындау туралы болып отыр. Бірінші бағыт бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда, - деді Серік Омаров.
Зульфия ИСКАЛИЕВА