Жаз аяқталып қалды. Демалушылар үйлеріне қайту үшін, ал студенттер оқуларын жалғастыру үшін пойызға отырады. Әдеттегідей, мұндай күндері вокзал кассаларында билет болмайды. Бірақ оларды алыпсатарлардан табуға болады.
Тамыздың басында «Атырау-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері Көлік полициясы департаментінің желілік полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірге «Құпия сатып алушы» акциясын өткізді. Сол бойда Атырау қаласындағы теміржол вокзалында кез-келген бағытқа билет табуға дайын алыпсатар ұсталды. Рас, бірен-саран осындай әрекеттерден кейін де жағдай өзгерген жоқ - кассада билеттер әлі жоқ.
- Алматыға бара алмай жүрмін. Жүруге 45 күн бұрын билет іздей бастадым, ал билеттер сатылып кеткен. Қалайша 45 күн бұрын бүкіл билет сатылып кетеді? Кім сатады? Мен жүретін уақыттан тура 45 күн бұрын таңертең кассаға келдім. Меніңше, билеттерді алдын ала алыпсатарлар сатып алатын сияқты. Сонда қарапайым халық «қоян» боп бара ма? – деп наразылық білдіреді Атырау тұрғыны Алма.
Мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ билеттерін сататын сайтқа кірдім: Алматы-1, Нұр-Сұлтан, Шымкент станцияларына дейін барлық билеттер қыркүйектің ортасына дейін сатылған. Ал Ақтауға билеттер бар - жоғарғы орындар ғана қалыпты.
Ал бұл күндері бұзылған жолдар кедергі болмайтын Атырау мен Шымкенттің еті тірі бизнесмендері осы қалалардың арасына автобус маршруттарын ашыпты. Бір бағытқа бару жолы 15 мың теңге тұрады. Ақтаудың өзіне баратын таксилер саны да көбейген. Бір бағытқа бару құны - 10 мың теңге. Әзірге такси жүргізушілерінде патенттің бар-жоғын ешкім тексермейді. Ал халық үшін діттеген жеріне жетудің басқа жолы жоқ.
Жазда пойыз билеттерінің төңірегінде дүрлігу басталатынын «Жолаушылар тасымалы» АҚ да мойындады.
- Биыл біздің компания жазда 6 миллионнан астам жолаушыны тасымалдауды жоспарлап отыр, - деп хабарлады Ұлттық тасымалдаушының баспасөз қызметі. - Ол үшін маусым бойына барлық вагон паркі жұмылдырылады. Ұлттық тасымалдаушы азаматтарды билеттерді сатып алу кезінде бөгде тұлғалардың күмәнді қызметтерін пайдаланбауға және билеттерді заңсыз қайта сату фактілері анықталған кезде белсенді азаматтық ұстаныммен ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің желілік полиция бөлімдеріне жүгінуге шақырады. Бұл бөлім қызметкерлері үнемі вокзалдарда жүреді. Біздің компания қызметкерлері билеттерді заңсыз алып сатуға қатысқан болса, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының блогына осы фактіні растайтын сурет және бейнежазба материалдарын қоса жалғап, ақпарат жолдауды өтінеміз. Бұл еңбек шартын бұзуға дейінгі қажетті шаралар алу үшін керек балады.
- Жалпы билеттер сатылымы 45 күн бұрын ашылады. Бірақ бұл күні де билеттерді табу мүмкін емес.
- Пойыздарға билеттерді алдын-ала сату 45 күн бұрын таңертеңгі сағат 07.00-ден бастап жүзеге асырылады. epay.railways.kz сайтында электрондық жол жүру құжаттары (билеттер) Нұр-Сұлтан уақытымен 4 сағат 50 минуттан бастап 5 сағат 50 минутқа дейін жүйенің технологиялық үзілісі кезінде сатылмайды. Жолаушыларымызға қазіргі уақытта барлық билет кассаларында қолжетімді жаңа «Күту парағы» қызметін пайдалануға кеңес береміз.
Егер билет болмаса, жолаушы сұраным толтыруы тиіс. Бос орын пайда болған кезде сұраным толтырушының электрондық поштасына хабарлама келіп, ол қажетті жол жүру құжатын компанияның кез-келген кассасы арқылы 2 сағат ішінде сатып алуға мүмкіндік алады. Болашақта күту парағы қызметін электрондық билеттерді сату сайттарына тарату жоспарлануда. Бірыңғай «Күту парағы» енгізілген сәттен бастап, жүгінген жолаушылардың 25%-ы (бұл 20 000-нан астам адам) осы қызметті пайдаланып, бұрын бос орындар болмаған бағыттарға билеттер сатып алды.
Жаңа қызметтер үшін рахмет. Бірақ 45 күн бұрын таңертеңнен бастап кассада билеттердің болмауы ғана емес, мұның себебін түсіндірудің мүмкін еместігі, ғаламның маңызды құпиясын ашу мүмкін еместігі зығырданды қайнатады.
19 тамызда Атырау вокзалында болып, кассалардан күткенімдей жауап алдым: Алматыға билет жоқ екен. Бірақ перронда жолсеріктерден оңтүстік астанаға дейін билетсіз бара алатынымды білдім.
- Бағасын әзірге айта алмаймын, бірақ 20 мың теңгеден басталады. 30 тамызда пойыз жүретін уақытта кел, саған орын тауып береміз, - деді «Атырау-Алматы-1 » пойызының жолсерігі.
Сондай-ақ, жолсеріктер менен Алматыға сәлемдеме алуға келісіп, бұл үшін біраз ақша сұрады. Пакеттің ішінде не бар екенін ешкім де тексермейді деп уәде берді.
2016 жылы көлік полициясының «Алматы-Атырау» жолаушылар пойызының жолсеріктер купесінен аса ірі мөлшерде есірткі тапқаны «АЖ» оқырмандарының есінде шығар. Сол кезде жолсерік өзіне қорапты әріптесінің, Алматы станциясының вагондарын құрастырушы бергенін, бірақ ол ішінде не бар екенін сұрамағанын түсіндірген еді. Кейінірек Атыраудағы көлік полициясы сәлемдеме алушыны - бұрын сотталған 31 жастағы ОҚО тұрғынын ұстады. Ұсталған азаматтың айтуынша, есірткіні оған 30 жастағы жиені жеке пайдалануы үшін жіберген екен.
- Жолсеріктер арқылы сәлемдемелер жіберу заңсыз және компания жүктің сақталуына жауап бермейді. Бұдан басқа, рәсімделмеген жүкті қабылдаған жолсерік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жұмыстан шығаруға дейін жаза қолданылуы мүмкін, деп хабарлайды «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор