Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Қызылорда станциясында «Ральф» есімді қызметтік із кесуші иттің көмегімен Алматы-Атырау жолаушылар пойызы жолсерігінің купесінен бір жарым келіден астам марихуана салынған қорапшаны тауып алды.
Жолсеріктің айтуынша, бұл қорапты оған Алматы станциясында вагон құрастырушы беріпті. Қораптың ішінде «Ниссан» көлігінің шамы бар екенін айтып, азғана ақыға Атырау вокзалынан күтіп алушыға табыс етуді өтінген. Қызылордалық полицейлер Атырау станциясындағы желілік полициядағы әріптестерін жұмылдырды. Пойыз келген уақытта адресат жолсерікке жақындап, «сәлемдемені» алып кетпек болғанда, оны қылмыс үстінде ұстады. Ол Оңтүстік Қазақстан облысының бұрын сотталған 31 жастағы тұрғыны болып шықты. Оның айтуынша, оған есірткіні Алматыдан 30 жастағы жиені жеке өзі қолдану үшін жіберген екен.
ҚР ІІМ көліктегі ішкі істер департаментінің баспасөз хабарламасында айтылғандай, ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-тармағы («Есірткілік заттармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу») бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі басталды.
Ұсталушы Атырау ҚІІБ-нің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ