ДРОН АДАМ
Азамат БУСТЕКОВТІҢ @bustekov_azamat Инстаграммдағы парақшасын сүйсініп қарамау мүмкін емес секілді. Дегенмен, эмоциямен жеткізгенше, суреттерді өздеріңіз қарап көріңіз.
- Мен дрон адаммын, - деп қызықты етіп бастады әңгімесін әңгімелесушім. - Жалпы, мен IT саласында жұмыс жасаймын, бірақ кез-келген адам сияқты менің де хоббиім бар, бұл - квадрокоптердің көмегімен суреттер мен бейнежазбалар түсіру. Мені көбінесе сәулет көріністері, түнгі қала мен оның геометриясы шабыттандырады. Жақында «Бұрынғы/қазіргі» деген жобамен жұмыс істей бастадым. Онда ескі Гурьевтің жоғарыдан түсірілген суреттерін қолданып, оларды өз дронымнан түсірілген жаңа суреттермен салыстырамын. Коллаждарда айырмашылық бірден байқалады, көп нәрсенің қалай жақсы немесе нашар жағына өзгергені көрініп тұрады.
Негізінде әуелден фотографияға деген қызығушылығым бар болатын, көбінесе ұялы телефонға түсіріп жүрдім. Бірақ, өкінішке орай, оның мүмкіндіктері шектеулі болды. Өткен жылғы қараша айында дрон мен басқа камера сатып алдым. Қазір барлық техникалық мүмкіндіктерді пайдаланып, суретке түсіремін. Ешқандай фотоконкурстарға әлі қатысқан жоқпын. Әзірге бұл хобби ғана, одан ақша табатын ойым жоқ. Маған әлеуметтік желілердегі лайктар мен пікірлер жеткілікті, - дейді Азамат ұяңдықпен. - Рас, менің кейбір фотосуреттерім бір бизнес-көрмеде қолданылды, мен оларды ұйымдастырушыларға берген едім.
ЖҰМАҚ ҚҰСТАРЫ
- Менің негізгі мамандығымның орнитологқа мүлдем қатысы жоқ. Бірақ құстарды тамашалағаннан жаным жай табады, - деп әңгімелейді Юлия ВАХМИСТРОВА @natureatyrau. – Жалпы бұл сұлулық жанымызда жүреді ғой. Көбінесе басқа нәрселерге алаңдап, мән бермей жатамыз. Бала кезімнен өзгеше құстар кездесетін. Мысалы, бірінші сыныпта оқып жүргенімде тереземізге суқұзғын қонып, күні бойына тапжылмай отырды. Бала кезімдегі тағы бір әдемі естелік: қыста қар басқан ағаштың бұтағына қонақтаған суықторғайлар...
- Жаңажылдық открыткадағыдай, - дедім оған қосылып.
- Ерекше құстар негізінен өсімдіктер мол өскен суға жақын жерде мекендейді. Өсімдік неғұрлым көп болса, соғұрлым құстар көп болады. Қалада алтын және жасыл ара жегіштер өте көп екен. Екі жылдан бері олар пәтерімнің терезесіне қарсы отырып алып, бой көрсетіп жүр, - деп күлімсіреді әңгімелесушім. - Бастапқыда құстарды суретке түсіру жаныма жағып, ләззат алатынмын. Қазір орнитологияны зерттей бастадым. Үлкен ұлыма суретімдегі құстарды тамашалаған ұнайды. Олардың атауларын сұрайды, қызығушылық танытады. Бір жерлерде серуендеп жүрсек, ерекше құстарды табуға тырысады.
- Мен құстардың суреттерін Алмалы, Бейбарыс ауылдарында, булану тоғанында, Сарыөзекте, Махамбетте, «Ақ Жайық» резерватында еркін кіруге мүмкіндік болған кезде, сондай-ақ, Старицада және біздің әуежай трассасының бойындағы тұзды көлде түсірдім. Суреттерді бұрын алған екі фотоаппаратыммен түсіремін.
ПРАБУДЫҢ ҚЫРАҒЫ КӨЗІ
Ал мына кейіпкерді «АЖ» оқырмандарымен 2017 жылы таныстырған едім. ПрабуКаран @karan_prabu әлі күнге дейін өңіріміздегі жануарлар мен табиғатты объективке түсіріп, өз хоббиімен айналысып жүр екен.
- Жақында Facebook-тен «Ақ Жайық» резерватына жасалатын шағын тур туралы хабарландыруды оқыдым. Ұйымдастырушымен хабарласып, 4 адам қайықпен бардық. Ол жерден үлкен тасбақаны көрдім, - деп әсерлерімен бөлісті Прабу. - Айтпақшы, дәл осындай тасбақаны бірнеше жыл бұрын орталық көпірдің жағасында кездестірген едім. Қорқып, мүмкін үйде өсірген тасбақа шығар, адасып кеткен болар деп ойладым, тіпті не істеу керектігін білмедім. Біздің өңірден («біздің» деді) мұндай жануарларды кездестіремін деп ойламап едім. Бірақ содан кейін досым олардың мекендейтінін растады.
– Айтпақшы, суреттерді екі жыл бұрын түсірген фотоаппаратымен түсіремін. Басқа камера сатып алып, оның көмегімен табиғаттың, жануарлардың шағын, әдемі бейнежазбаларын, сондай-ақ қаланы жылы-қызғылт түспен бояйтын күннің батқан шапағын түсіргім келеді.
Анастасия АЛЮШИНА
Респонденттер түсірген суреттер