Жұмысбастылықпен қашанда бір жаққа асығып жүреміз бе, білмеймін біз кейде көз алдымыздағы нәрселерді байқамай қалып жатамыз. Ал, үндістандық жігіт ПРАБУ керісінше кез-келген сәтті мүлт жібермей фотооъективіне іліп түсіреді және оған қарап рахатқа бөленеді.
– Сен Атырауда қайдан жүрсің?
– Мен Қазақстанға алғаш рет 2012 жылы келдім, Басында Астанада тұрдым, кейін Алматыға келдім, ал қазір Атыраудамын, мұнда келгеніме де біраз жыл болды. Йогадан сабақ беремін, өзімнің сүйіктіммен бірге тұрып жатырмын.
– Қаланың әсері қалай болды?
– Жалпы жақсы десем болады. Бұл жердің табиғаты керемет, көптеген әдемі жерлер бар, бәрінен бұрын маған Жайық өзені ұнайды. Бір жағымсыз жері – үнемі химиялық иістер шығып тұрады, тыныстап дем алу өте қиын.
– Біздің қоғамдық көліктерде жүріп көрдің бе?
– Иә, бұл осыдан үш жыл бұрын болды. Автобуста адам көп болды, оның үстіне ішімдік ішкен ер адамдар қатты дауыстап айқайға басты. Содан кейін-ақ мен автобусқа мінбейтін болдым. Қалада велосипедпен, кейде жаяу жүруге көштім, - деп күледі Прабу.
– Суретке түсіруге деген қызығушылығың қалай пайда болды?
– Үндістанда тұрғанымда досым екеуміз кешкілік серуендеуге жиі шығатынбыз. Бірде біз бұтақтарын кең жайған құрғақ ағаштың артына тығыла түскен толған айды көрдік, бұл көрініс маған керемет болып көрінді. Содан кәсіптік фотоаппарат сатып алу ниеті туды. Өйткені, біздің әдеттегі телефонға түсірген суреттеріміз көзбен көрген сұлулықты бере алмайды. Жалпы маған қашанда табиғатты, әсіресе құстарды суретке түсіру қызықты болатын. Қазір менде күн сайын қолданып жүрген екі кәсіптік фотоаппаратым бар.
– Ақшаға суретке түсіріп көрдің бе?
– Менің жақсы табыс әкелетін негізгі жұмысым бар. Суретке түсіру – менің көңілім қалайтын сүйікті ермегім. Соның өзі жарайды.
– Мынадай қызықты жануарлар мен құстарды қайдан іздеп тауып аласың және олардың әрбір қимылын мүлт жібермегенсің?
– Жұмыстан бос уақытымда орталық жағалау бойымен серуендегенді ұнатамын. Пирс жанындағы аққуды жиі суретке түсіремін, айтпақшы, ол суретте жақсы шығады. Кейде жағалауда шаяндар, ондатр және көкқұтандар кездеседі. Мен оларды бірден суретке түсіріп үлгерем. Ең қиыны құстарды түсіру. Кейде олардың қозғалысын түсіру үшін оңтайлы сәтті күтем деп 40 минуттап күтетін кездерім болады. бірақ, оған еш өкінбеймін, сол көріністер үшін қанша сағат болса да күтуге болады.
– Атырауда қандай да бір қызықты оқиғаларды бастан өткізген кездерің болды ма?
– Ең бір есте қалған жағдай осыдан жарты жыл бұрын болған еді. Бірде мен таңертең ерте ұшып келе жатқан ұшақты суретке түсірмек болып көшеге шықтым. Менің камерамдағы оптикалық линза зымыран қондырғысына ұқсайтын. Мұны жанымнан өтіп бара жатқан бір ер адам көрді. Кенет ол күтпеген жерден айқайға басып, қарсы бетке қарай тұра жүгірді. Сөйтсем ол мені ұшақты атып түсіргелі жатыр деп ойлаған екен.
Анастасия АЛЮШИНА
Суреттер Прабудың жеке мұрағатынан алынды