Атырау, 28 наурыз 21:48
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Сағыздағы кісі өлімі: кінәлі қатаң режимде 11 жыл жаза алды

5 392 просмотра


Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кісі өлтірді, бұзақылық жасады және заңсыз қару сақтады деп айыпталған Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының үш тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл іс «AЖ» оқырмандарына «асаба ісі» ретінде танымал.

Кісі өлтіру қылмысы ауыл тұрғындары «Шанхай» деп атап кеткен Сағыз ауылының шетінде болған. Бұл жерде жаппай төбелес жиі болып тұрады және ауылдағы әр төбелеске полицейлер шақыртылады екен. Бірақ олар кеткеннен кейін, әдетте, төбелес қайта жалғасады.

Оқиға желісі мынадай. Бұрынырақ ауылдағы тойлардың бірінде Е. мен асаба Беркіннің арасында келіспеушілік туындаған. Кейін, өткен жылдың 25 шілдесінде Е. мен Беркін ескі келіспеушілікті шешу үшін достарын жинап кездеседі. Алайда бітімге келмей, төбелес бастап кетеді. Төбелес кезінде Е. Беркіннің кеуде тұсына асүй пышағын салып алады. Соның салдарынан ол есінен танып қалады. Ол жергілікті ауруханаға жатқызылғанмен, жігітті аман алып қалу мүмкін болмады.

Төбелес кезінде бұған дейін төбелесті сыртынан бақылап тұрған  Беркіннің қарсыластар тобынан Н. есімді жас жігіт 16-калибрлі қарудан «дұшпандарына» оқ атып, екі жігітті жарақаттайды. Оқ атылғаннан кейін бәрі жан-жаққа қашады. Оқ атқан Н. да қашып, таныс ауылдасынан қаруды жасыруды өтінеді. Алайда ол қаруды Ж. деген біреуге береді. Ол қапшықтан патрондары бар қаруды көріп, қапшықты өзеннің жанындағы шөпке тығып қояды.

Атыс нәтижесінде Беркіннің екі досы жеңіл дәрежеде жарақат алады.

Сотта сотталушылардың кінәсі қылмыстық іс материалдарымен толықтай дәлелденді. Айыптау үкімі шығарылып, соған сәйкес Е. (Беркінге пышақ салған жігіт) ҚК-тің 99-бабының 1-тармағы (Адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танылып, жоғары қауіпсіздіктегі түзету колониясында 11 жылға бас бостандығынан айыру, сотталушы Н. 287-баптың 2-тармағы және 293-баптың 3-тармағының 2-тармақшасы (Қаруды заңсыз сақтау) бойынша орташа қауіпсіздіктегі түзету колониясында 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына, сотталушы Ж. (қаруды жасырушы) 287-баптың 2-тармағы бойынша (Қаруды заңсыз сақтау) 481 000 теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасын алды.

Үкім заңды күшіне енді.

Енді екеуі түрмеде, біреуі айыппұл төлейді, ал Сағыздың тойлары Беркінсіз өтуде...

Фархат ӘБІЛОВ

15 тамыз 2019, 16:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.