Атырау, 25 қараша 20:12
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

"Cағыз арнайы жасақ келгенде ғана тыныштанады"

Бейнежазба
7 860 просмотра


25 шілдеде Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында ауыл жастарының топ болып төбелесуі салдарынан бір адам қаза болып, бірнешеуі жараланған еді. Бұл ауылдағы жалғыз қылмыстық іс емес сияқты, редакциямызға хабарласқан ауыл тұрғындары осындай жікке бөлініп төбелесу ауылда жиі болып тұратынын айтты. «АЖ» тілшісі алыс ауылдағы осы ахуалды біліп қайтты.  

Сол күнгі қанды оқиғаның салдарынан ауыл тұрғыны, екі баланың әкесі, 27 жастағы асаба әрі домбырашы Беркін ТЛЕУБАЕВ қаза болады. Қазір осы іс бойынша екі күдікті қамауға алынған.

Марал ТЛЕУБАЕВА (сол жақта)

- Мен сол күні сағат шамамен кешкі бес шамасында жұмыстан шығып колледжге қарай бағыт алғанымда екі рет атылған мылтықтың дауысын естідім. Айғай-шумен бірге қолдарында ағаштары бар жиырма шақты жас жігітті теміржолдан өтіп бара жатқанын көрдім. Ойыма бірден інім Беркін есіме түсіп, келініме телефон соқтым,- дейді Беркіннің апасы Марал ТЛЕУБАЕВА. – Себебі бірнеше күн бұрын «Жомарт» тойханасында асабалық еткен інім тойды аяқтап, музыкалық аппараттарын жинап түнде үйге кетейін деп тұрғанында Шанхайдың оннан астам жігіттері әй-шайға қарамай інімді ұрып кеткен еді. Жүрегім алдамаған екен...

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауыл бұрыннан «Совхоз», «Шанхай», «Орталық»  деп үшке бөлінеді екен.

- Егер біреуі аумақтарына барып қалса, жеңіл қақтығыстардың соңы үлкен төбелеске ұласады,- дейді тұрғындар.

- Көп жылдан осы ауылда  дәрігермін. Жастардың арасында төбелес болып, жарақат алуы жиі кездесіп тұрады. 2016 жылы ақпанда жас жігіттің арқасынан бытырамен атқан, ол кейін облыстық ауруханаға жіберілді, сол жылы наурызда 23 жастағы жігіттің арқасынан, құйрығынан пышақтаған,- дейді Сағыз амбулаториясының аға дәрігері Исламжан ҚОСЖАН. -  Он шақты жыл бұрын өз ұлымды сабап, бір көзін шығарып жіберген, қазір екінші топтағы мүгедек. Төбелестің неден шығатынын дәл білмеймін. Алайда қақтығыстар ауылға студенттердің каникулға келген кезде көбейетіні рас.

17 жастағы Болатбекті - Сағыз тұрғыны Меңсұлу ЖЫЛҚЫБАЕВАНЫҢ ұлы - 2003 жылы қыста аяусыз тепкілеп далаға тастап кеткен.

- Мектеп бітіретін жылы еді. Басынан темірмен ұрып, денесінен сау жерін қалдырмаған. Ауруханада алған жарақатынан қайтыс болды. Бұдан кейін де өлімдер болды. Полиция не бітіріп отыр, әкімшілік қайда, ардагерлеріміз ше?- дейді ол.

Ауылда полиция бөлімшесі жұмыс жасайды, білуімізше, онда оннан астам қызметкер бар. Ауылдағы осындай қылмыстық ахуал жөнінде білмек болып полиция бөлімшесіне бас сұққанымызда бастығы жауап беруден бас тартты.

Нұралы ӘБИШАН

Сағыз ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұралы ӘБИШАН:

- Осы қылмыстық оқиғадан бір ай бұрын арадагерлер алқасы, әкімшілік және полиция болып ауыл жастарының бастарын біріктіріп жиналыс өткізбек болғанбыз. Не себептен төбелесетінін, бір-біріне қоятын талаптарын анықтағымыз келді. Бірақ ол әрекетімізден ештеңе шықпады, жастар жиналысқа келмей қалды. Олардың неге, не үшін келіспей жүргенін білмеймін.

- Ауыл тұрғындары бұл ахуалға қатты алаңдаулы екен. Билік тарапынан бұны болдырмауға қандай шаралар жасалмақ?

- Ауылдағы полиция қызметкерлерінің әлі келмегесін арнайы жасақ шақырттық, жылына бір-екі рет келеді. Жасақ келгенде бәрі тынышталады. Сотталып келгендерді жұмысқа орналастыруды жүйелі жүргізіп тұрмыз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

20 тамыз 2018, 14:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.