«Атырау» футбол клубы трансферлік терезені белсенді пайдаланып жатыр. Жақында тағы да екі шетелдік, үш қазақстандық - бес футболшымен келісімшартқа қол қойды.
Сонымен, 26 жастағы камерундық жартылай қорғаушы Жак НГВЕМА, 27 жастағы хорват қақпашысы Антун МАРКОВИЧ, 29 жастағы қазақстандық қорғаушы Михаил ГАБЫШЕВ, 24 жастағы қазақстандық қақпашы Михаил ГОЛУБНИЧИЙ және 23 жастағы қазақстандық жартылай қорғаушы Иван АНТИПОВ клубпен келісімшарт жасасты. Мұндай толықтыру командаға турнир кестесіндегі соңғы орыннан жоғары сатыға шығуға көмектеседі деп үміттенеміз.
Бұл ересектерге қатысты, ал әлеуметтік желілерде жанкүйерлер алматылық «Қайраттағы» құрдастарынан «Атырау» жасөспірімдер (U17) командасының 0:33 есебімен ұтылғаны туралы кеңінен талқылауда. Хоттабыч ақсақалдың сиқыры дерсің. Атырауда жас футболшыларды даярлау жөніндегі салмақты жұмыстардың аясында бұл, әрине, әбес көрінеді. Бірақ өмір мұнымен тоқтап қалмас, жігіттер.
Фархат ӘБІЛОВ