Атырау, 30 қараша 05:37
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

«Балаларды ұрандатуға емес, футбол ойнауға үйрету керек»

3 228 просмотра

Атырауда футбол орталығын салтанатты ашу рәсімі 24 наурызға белгіленіп отыр. Алайда балаларды жаңа футбол бағдарламасымен жаттықтыру басталып кетті. Сабақтардың сапасы мен жүктемелердің мөлшеріне Қазақстан Футбол федерациясының техникалық директорлары Анатолий БЕЛЯЙ мен Юрий ПАНФИЛОВ бақылау жасайды.

АТА-АНАЛАР ДА ЖАУАПТЫ БОЛСА

Беляй Анатолий Григорьевич, 48 жаста, жартылай қорғаушы, Украина, Молдова, Ресей футбол клубтарында және Өскеменнің «Восток» командасында өнер көрсеткен. 1997 жылдан бастап бапкерлік қызметте. 2012 жылдан бері ҚФФ-ның техникалық директоры.

А.Б.: -Мен Ақтөбе, Атырау және Оралдағы балалар футбол орталықтарына жетекшілік етемін. Атырауда орталық «Судоремонтник» және «ҚазТрансОйл» стадиондарында орналасқан. Онда 9 жас тобында жас футболшылар қатысады. Барлық топтар ҚФФ әзірлеген 2012-2022 жылдарға арналған бағдарлама бойынша оқып жатыр. Ол балалар футболының деңгейін Қазақстан құрамасының және Премьер-лига командаларының негізі ретінде көтеруге бағытталған.

Бұл жай ғана оқыту бағдарламасы екенін басып айтқым келеді. Яғни, мұнда ең басты педагогикалық принцип – қарапайымнан қиынға қарай өту қағидасы сақталады. Балаларды дайындаудың 4 кезеңі болады: 10-12, 13-14, 15-16 және 17-18-дегі жастар. Бағдарламада әр жас ерекшелігі үшін арнайы жаттығулар жүйесі мен бағалау критерийлері салынған. Бұл мектеп бағдарламасы сияқты, балалар аптадан аптаға оқу материалдарын игеріп отырады. Балалардың да оң көзқарасын қалаймыз. Бізге жай доп тепкісі келетіндер қажет емес. Мұнда олар кәсіпке ие болады!

Орталықта жұмыс жасау үшін 11 бапкер іріктеліп алынды. Олардың еңбекақысы қарапайым жаттықтырушылардан екі есе артық. Сәйкесінше, біз олардан бағдарламаны қатаң ұстануларын талап етеміз. Айта кетсек, бұл футбол кадрларын дайындау жүйесімен әйгілі болған Германиядан алынды. Әр жаттықтыру үшін бапкерге жоспар-конспект беріледі. Балалар аптасына үш жоспар-конспектіні игеруі керек. Тек берілген материалды игергеннен кейін ғана, футбол ойнаймыз.

Ата-аналарға айтарым – біздің бағдарламаға жауапкершілікпен қараңыздар: сіздердің міндеттеріңіз – балаларыңызды толыққанды тамақтандырып, ұйқы мен бос уақытын қамтамасыз ету. Балаларды жаттығу және мерекелік спорт киімдерімен өзіміз қамтамасыз етеміз, тек соны таза ұстаңыздар.

- Орталық балалары шетелдерге шыға ма?

- Бағдарламада бұл жоқ. Мен балалар футбол туралы қарапайым білімдерді игеріп алмай, қандайма бір сапарларға шығудың мәні жоқ деп ойлаймын. Ақтөбедегі орталық өткен жылдың ортасында ашылды. Солардан мысал келтірсем, командадағы балалардың ойын деңгейі мен өзара әрекеттесулері бірталай көтеріліп қалды. Бұрын Қазақстанның балалар футболында жарыстар жүйесі дұрыс болмады, балалар әбден титықтағанша ойнайтын. Оларға бірден нәтиже көрсетуді талап ететін. Бұл бапкерлердің алдына жарысқа қатысып, жеңіп келу міндеттері қойылатындықтан еді. Бұл өте қате үдеріс: Премьер-лигада жеңу керек, ал бала кезде оқып үйренген абзал. Жасөспірім шеберлер командасына сығылған жемістей емес, футбол алаңында бағыт-бағдарын жоғалтпайтын, допты «өз еркіне бағындырып», командадағы әріптестерімен дұрыс әрекеттестік жасай алатын ойыншы болып баруы керек.

 

«ТЕП, ЖҮГІР» - ӨТКЕННІҢ ІСІ

Панфилов Юрий Станисловович, 51 жаста, қақпашы, Украина КСР және КСРО құрамаларының мүшесі. Португалияда, Испанияда және Бразилияда жаттықтырушы болып жұмыс жасаған. 2012 жылғы ҚФФ-ның техникалық директоры, үйлестіру және ойыншылардың техникасы бойынша маман.

- Жыл сайын «Атырау» командасының дайындық тобынан 20-ға жуық жас футболшылар шығады, алайда олардың ешқайсысы облыстық «Атырау» командасының негізгі құрамын айтпағанда,  қосалқы құрамнан да өздеріне орын таба алмайды, өйткені барлық орындарда - легионерлер. Бағдарламаларыңыз жүзеге асқаннан кейін жағдай өзгере ме?

- Премьер-лига бапкерлерінің барлығы жанкүйерлер қолпаштайтын жергілікті жақсы футболшыдан бас тартпайды. Қазір олар таңдап аларлықтай ойыншылар жоқ. Біздің бағдарламамыз осындай сапалы ойыншылар тәрбиелеуге бағытталған.

- «Судоремонтник» және «ҚазТрансОйл» стадиондарына топтар қандай принцип бойынша бөлінеді? Нұрсая және Авангард ықшам аудандарында футболды үйге жақын жерден үйренуді қалайтындар көп.

- Футбол клубының басшылығы былай бөлді: 1995, 1998, 1999 және 2002 ж.т. «Судоремонтникте», 1996, 1997, 2000, 2001 және 2003 ж.т. «ҚазТрансОйлда» жаттығатын болады. Балаларды мекенжайлары бойынша бөлудің қажеті жоқ деп ойлаймыз.

Ю.П.: -Әр жас тобындағы әр жаттығу барысында біз 20 шақты жаттығу тәсілдерін  үйренетін боламыз. Бұлар - допсыз жаттығу түрлерінен тұратын арнайы емес және доппен жаттығатын арнайы координациялар. Мұнда, кеңістікте тепе-теңдікті сақтау, реттеу, ырғақ және бағдарлауға арналған жаттығулар да қосылған.

- Жарыс үдерісін мүлдем алып тастауға болмайды ғой. Балаларыңызды турнирлерге қашан жібересіздер?

- Жарыстардың жаңа форматы бекітілді. 3 апта жаттығудан кейін – бір турнир. Бұрын мынадай жүйе болған: балалар турнирге барып, 10 күннің сегізінде ойнайтын. Біз осылайша олардың «физикасын» құртып алдық. Қазір жарыстар тәртібі бала физиологиясына жақын ұйымдастырылатын болады. Енді «Отан үшін алға!», «Теп, жүгір» сияқты үндеулері үшін бапкерлер жазаланатын болады.

Қазақстанның көптеген қалаларында біз жаңа бағдарлама бойынша бірнеше айдан бері жұмыс жасап жатырмыз. Төменгі топтағы балалар керемет нәтижелер көрсетуде. 1997-98 ж.т. балаларда өзгерістер аз. Кезінде олардың техникасын дамытуға дұрыс күш салмаған, өкінішке орай, тактикалық білімдері мүлдем жоқ. Жастайынан жаттығатын балалар көп нәрсе ұтады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

7 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.