№2 қалалық сотта өткен жылдың желтоқсан айында Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылуы туралы іс бойынша сот процесі жалғасуда. Осы отырыста алдымен жәбірленушінің тағы бір өкілі тыңдалып, содан кейін куәгерлерге сөз берілді - іс бойынша олардың саны 30-ға жуық, бұдан да көбеюі мүмкін.
БАЛЫҚ ӨСІРУШІЛЕР ҮШІН АПАТТЫ ЖАҒДАЙ
Жәбірленуші ретінде «Луговой жылқы зауыты» ЖШС Атырау учаскесінің өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Самат АКСАНБИЕВ сөйледі:
- Біздің негізгі кеңсеміз Тараз қаласында, ал Атырауда өндірістік учаскелердің бірі орналасқан. Мен мұнда алғаш рет өткен жылдың тамыз айында келдім және бекіре тұқымдас балықтарды өсіруге қатысты қарқынды жұмыстарды көріп, таң қалдым. Енді желтоқсан айында қайта келгенімде, балыққа түсініксіз жайт болып жатқанын айтып, қызметкерлер алаңдаушылық білдірді. Бұл кезеңде балықтар науа түбінде ұйықтауы керек, бірақ бүйірі жоғары қарап, су бетіне қалқып шығып жатыр деді. Бұл жағдайды анықтау үшін анализдер алып, талдауға кірістік.
- Сіз өлі бекіре тұқымдас балықтарды жинау кезінде басынан аяғына дейін болдыңыз ба? – деп сұрады прокурор Жақсылық СИКИМОВ.
- Иә. Барлығын өз көзіммен көрдім.
- Балық неден өлді деп ойлайсыз?
- Менің ойымша, бұл хлор. Балықтың жаппай қырылуының себебі тек улануы болуы мүмкін. Білуімше, сараптама қорытындысы да балықтардың хлордан уланғанын көрсетті.
- Сіз қай саланың маманысыз? – деп сұрады адвокат Женни ЖУМАЛИЕВА.
- Инженер-металлургпын, сондай-ақ заңгердің дипломы бар. ЖШС-те өнім қауіпсіздігі үшін жауап беремін.
- Сіз 36 мың 296 балықтың өлгенін көрсеттіңіз. Бірақ қаптағанда аз шықты - 35 773. Бұл қалай болды?
- Өлі балықтарды су қоймаларынан алып, жағаға жинадық, арнайы сақтайтын жер болған жоқ. Аяз жоқ, балшық болды және жинағанда аздаған бөлігі лайсаңға көміліп қалуы мүмкін.
Бұдан басқа шағала мен қарғалар, қаңғыған иттер де болды. Өз көзіммен көрдім. Иә, 500 данадан астамы жетпей қалды – мен оған жауап беруге дайынмын.
Содан кейін «Луговой жылқы зауыты» ЖШС мүддесін қорғайтын алматылық заңгер Вера МАРИНЕНКО сөз алды:
- Серіктестік Атырауда 2014 жылдан бастап жұмыс істейді, олар «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тан 100 миллион теңгеден астам қаражатты несиеге алып, бекіре тұқымдас балықтарды өсірумен айналыса бастады. Балықтардың тез көбеюіне байланысты науаларды өсіріп, кәсіпорын қуатын арттырып, несиені өтеп, кіріс алуды жоспарлап отырды. Ойда жоқта осындай төтенше жағдай орын алды. Тек «Луговой жылқы зауыты» ЖШС ғана емес, мемлекет те, табиғат те зардап шекті. Құны 632 миллион теңге болатын 101 тонна балық қырылды. Бұған қоса уылдырықтың құны - 570 миллион теңге, жоюға - 10 миллион теңге жұмсалды. Осылайша, кәсіпорын 1 млрд 212 млн теңге көлемінде шығынға ұшырады. Оған қоса, алынбай қалған пайдамыз бар, бірақ оны әлі есептегеніміз жоқ.
Зерттеумен Сот сараптамасы институты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Атырау облыстық экология және ветеринариялық бақылау комитетінің аумақтық инспекциясының зертханалары айналысты. Айыптау актісі солардың қорытындыларына негізделген. Іс барысында сотталушылардың адвокаттары экология департаментінің зертхана бастығы Жолдасқали ТЕЛАГИСОВТАН «Атырау Су Арнасы» КМК-ның су тазарту қондырғылары көрсетілген схемадан хлор Жайыққа қай жерден түскенін көрсетуді өтінген, бірақ ол жауабын айтуға қиналды.
У СУДА ЕМЕС, БАЛЫҚТА БОЛҒАН
Судья Дәуренбек ДАУМОВ куәлардан жауап алуға кірісті. Алдымен ветеринарлық зертхананың маманы Ақтолқын ЕСБЕРГЕНОВА шақыртылды. Ол алғашқы сараптаманы 2018 жылғы 4 желтоқсанда қара балыққа және 7 желтоқсанда бекіре тұқымдас балықтар бойынша зерттеу өткізгенін айтты. Екеуінде аммиак табылды. Кейін сараптамаға тағы балықтарды әкелді, бірақ оларда аммиак табылған жоқ.
- Сараптама үшін алынған балықтың жағдайы қандай болды? – деп сұрады мемлекеттік айыптаушы Сикимов.
- Шала-жансар.
- Алғашында балықта кездескен аммиак кейін ұшып кетуі мүмкін бе? – деп судья Даумов сұрады.
- Иә, мүмкін. Аммиак - бұл газ.
Содан кейін аумақтық ветеринарлық инспекцияның бас маманы Жанна САКИЕВА сөйледі:
- Мен тек «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-не қатысты айта аламын, себебі 7 желтоқсанда Атырау учаскесінің бастығы Аманжан Шауданов бізге Жайықтағы науалардан балық пен судың сынамасын алу үшін мамандар жіберу туралы жазбаша өтініш білдірді. Мен өзім сол жерге барып, сараптамаға 6 килограмм бекіре тұқымдас балық алдым. Балық шала-жансар жағдайда болды. Сол күні оны зертханаға тапсырдым. Барлығында аммиак табылды.
- Егер аммиак балықтан табылса, суда да болуы керек қой? – деп сұрады судья.
- Жоқ, суда болған жоқ.
- Сіздің ойыңызша аммиак балыққа қалай түсті? - деп сұрады адвокат Джумалиева
- Мүмкін, су арқылы.
- Ал азық арқылы түсуі мүмкін бе? – деді судья Даумов.
- Жоқ. Біз тексердік.
Соттың келесі отырысы 22 шілдеге белгіленді.
Фархат Әбілов
Суреттер мен бейнежазба автордыкі