Атырау, 24 қараша 17:35
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қырылған балықтарға қатысты сот ісі: айыпталушылар кінәларын еш мойындамады

Сурет Бейнежазба
3 843 просмотра


Атырау қалалық №2 сотында өткен жылдың желтоқсан айында Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылуына қатысты іс бойынша негізгі сот отырысы басталды. Айыпталушылар орындығында – «АСА» КМК бұрынғы директоры Руслан ҚҰРМЕТОВ, оның орынбасары Виктор СУЩЕНКО және су тазарту станциясының бастығы Михаил ЧУРСИН. Олар әйнек қоршаудың ішінде емес, адвокаттардың жанында отырды (оларға тергеу және сот отырысы кезінде басқа жаққа шықпау туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы қолданылған).


Зардап шегушілер тарапынан аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бас маманы Әсел ИЩАНОВА мен сол инспекцияның ихтиологиялық мониторинг және балық аулауды реттеу бөлімінің бас маманы Мәншүк ТЕМЕШЕВА, Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытының директоры Ғилман СӘРСЕМАЛИЕВ, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС Атырау учаскесінің бастығы Аманжан ШАУДАНОВ және оның қызметкері Самат АҚСАНБИЕВ қатысып отыр. «Луговой жылқы зауыты» ЖШС мүддесін алматылық заң компаниясы қорғайды.

Дәуренбек ДАУМОВ
Төрағалық етуші судья Дәуренбек ДАУМОВ процесске қатысушыларға сот барысында бүкіл өтініштердің қаралатынын хабарлады. Дереу адвокат Бауыржан ОРАЗОВ сөз алды:

- Тергеу барысында 2018 жылдың шілдесінен бастап желтоқсанына дейін «Павлодар өзен порты» АҚ-ның Жайықта тереңдету жұмыстарын жүргізгені анықталды. Онда балық қорларына зиян келтірілген жағдайда қоршаған ортаға залал келтіргені үшін ақы төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Осы келісімшартты іс материалына тіркеуді өтінемін.

Жақсылық СИКИМОВ
Мемлекеттік айыптаушы Жақсылық СИКИМОВ кем дегенде бір сағатқа созылған айыптау қорытындысын оқуға кірісті.

- Жайық өзенінің хлормен улануы салдарынан 14 тонна 273 келі қара балық қырылды. Тигізілген зиян – 13 млн 924 мың теңге. Әрі қарай, бұдан басқа, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының есептеуі бойынша, «Жайық-Атырау бекіре өсіру зауыты» ЖШС-не 429 млн 76 мың теңгеге залал келтірілді. «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-де 100 тоннаға жуық бекіре тұқымдас балық қырылды, зиян - 626 миллион 427 мың теңге. Кешенді-экологиялық сараптама қорытындыларына сәйкес, балықтар «Атырау Су Арнасы» КМК тарапынан жоғары уытты хлорлы заттардың суға түсуі нәтижесінде қырылған, - деп аяқтады прокурор.

Судья Даумов сотталушылардан "айыптау қорытындысымен келісесіздер ме және өз кінәларыңызды толықтай немесе ішінара мойындайсыздар ма?" деп сұрады. Үшеуі де үзілді-кесілді мойындамайтындықтарын айтты.

- Қорғаушы тарап, өз қорғалушыларыңыздың ұстанымына қатысты түсініктеме бересіз бе? - деп сұрады Даумов.


Амантай ДҮСІПОВ

- Су тазартқыштан шыққан сарқынды сулар шартты-таза деп бекерге аталмайды және оларда айыптау тарапы айтып отырған үлкен мөлшерде хлор болмайды. Әйтпесе, халық баяғыда-ақ уланған болар еді. Сондықтан қорғалушыларымыз өздерінің кінәсін толығымен мойындамайды! – деп мәлімдеді адвокат Амантай ДҮСІПОВ. Оны Оразов та қолдады:

- Айыптау қорытындысында тергеу ісі тартқан нақты сарапшылардың есімдері көрсетілмеген. Тергеу барысында хлордың қандай көлемде тасталғаны анықталмаған, тіпті, «хлор болуы мүмкін» деген тұжырымдар да бар. Әрі қарай, сарапшылар бекіре тұқымдастардың аммиактан қырылғанын анықтаған, бірақ тергеу барысында аммиактың «Атырау су Арнасынан» шыққаны дәлелденбеді. Келіспеушіліктер көп, фактілер жоқ, тек жорамалдар ғана.

Мәншүк ТЕМЕШОВА

Содан судья Мәншүк Темешоваға сөз берді:

- Ихтиофауна бойынша алғаш рет түсініксіз құбылыстар 2018 жылдың 2 желтоқсанында байқала бастады. Біз сол кезде Перетаскадан өте көп балық шабақтарын көрдік, олар негізінен тұқы тұқымдастар – мөңке мен қылышбалықтар болатын. Бақылау барысында балықтың «ЖЭО» АҚ балық қорғау  құрылғысының ұсақ көзді торларынан өтіп, өлі күйде Перетаска каналында жол астындағы құбырға шыққаны анықталды. Біз ЖЭО-на шөп-шаламға қарсы тор орнатуды ұсындық, бірақ балық ерсілі-қарсылы жүрді, ал ол бұл кезеңде ол ұйқыда болуы керек еді.

Темешеваның айтуынша, олар 3 желтоқсанда сағат 16-да алғашқы өлі балықтарды «Атырау Су Арнасы» КМК-нің сарқынды құбырының астынан тапқан.

- Содан кейін біз «Атырау Су Арнасы» КМК су тазарту станциясынан жоғары  Теңдікке дейін жеттік. Ол жерде өлі балықтар болмады. Тендікте балықшылар жайбарақат балық аулап отырды. Табылған өлі балықтардың желбезектері қанталап тұрды, бірақ қабыршақтары таза еді. Олар қатты күйік алған.

- Хлордан осындай әсер бола ма?- сұрады судья Даумов.

- Мен білмеймін, өйткені менде зертханалық деректер жоқ. Ветеринарлық зерттеу үшін өлі балықтарды тапсырдық. Біз күн сайын өлі балықтарды шығарып алып, «Арнаулы автобаза» ЖШС-не тапсырдық.

- «Атырау Су Арнасы» КМК су тазарту құрылғысының маңайының иісі қалай болды?» - деп сұрады прокурор Секимов.

- Қолқаны тұншықтыратын иіс болды. Балықтар мұз астында тізіліп жатты. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген едім...

Сот отырысы 14 шілдеде жалғасады.


Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

Бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

8 шілде 2019, 14:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.