2 шілдеде Атырауда «Жас Отау» мемлекеттік бағдарламасы аясында Нұрсая ықшам ауданынан жас отбасыларға арналған 100 пәтерлік үй қолданысқа берілді. Жаңа пәтер кілттері 47 жанұяға табыс етілді.
Бұған дейін аталмыш бағдарлама бойынша 2015 жылы 90 отбасы, 2017 жылы 120 жас отбасы баспаналы болған еді. Еске салсақ, былтыр бұған дейін баспаналы болған осы жастардың 40 пайызы банкке тиісті қаржыны уақытылы өтемеуіне байланысты әкімдіктегілер бұл «Жас Отау» бағдарламасы бойынша берілетін соңғы үй болатынын және бағдарламаның тоқтайтынын айтқан еді. Алайда бүгін салтанатты шара кезінде «Жас Отау» ЖШС директоры Айнагүл ЕСМАҒАМБЕТОВА бағдарламаның 2020 жылы қайтадан жалғасатынын және Құлсары қаласынан да жастарға арналған баспана салу жоспарда бар екенін жеткізді.
Биыл пәтерлер шаршы метріне 140 мың теңге болып бекітілген. 1 бөлмелі пәтердің ауданы 38 шаршы метрге дейін, 2 бөлмелі 55 және 3 бөлмелі пәтерлер 64 шаршы метрге дейін.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор