Атырауда 29 жасқа дейінгі жастарды қолжетімді баспанамен қамтуға арналған «Жас Отау» бағдарламасы келесі жылдан бастап тоқтатылады. Басты себеп – пәтер алған жастардың 40 пайызы әлі күнге ипотекалық қарыз жарналарын төлемеген.
Бастапқы жарнасыз үй алуға арналған «Жас Отау» бағдарламасы Атырауда 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал көрші Орал қаласында 2008 жылы басталған. Мұнайлы астанада аталған бағдарламамен 2015 жылы 90 пәтерлік үй және 2017 жылы 120 пәтерлік үй берілді.
«Жас Отау» бағдарламасы бойынша жас отбасылар бюджет қаржысына салынған тұрғын үйге кіріп, 3-5 жыл ішінде 50% көлемінде ипотекаға қажетті бастапқы жарнаны жинауы керек. Осыдан кейін «Тұрғынүйжинақбанкінде» үй құнының екінші жартысына жеңілдікпен несие ресімдейді.
- «Жас Отау» бойынша үй алған азаматтар шартта көрсетілген өтемдерді төлеп, жиналған қаржыға бағдарлама арқылы келесі үй салынуы қажет болған. Алайда, жастардың осынау әрекеті бағдарламаны жалғастыруға кедергі болды,- дейді Атырау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Роллан ҚҰСПАНОВ.
- Қарызын уақытылы төлемегендерден пәтерді кері қайтарып алу туралы келісімшартта көрсетілмеген бе?
- Көрсетілген. Бірақ көпшілігі 8 жылда толық төлеп бітіреміз деп ойлайды. Сондықтан билік тарапынан оларға қысым көрсеткіміз келіп отырған жоқ.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор