Бүгін, 2 шілдеде Нұр-Сұлтанда өткен брифингте Энергетика министрінің орынбасары Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ жақында Теңізде болған тәртіпсіздіктер барысында зардап шеккендер саны - 45 адам екенін мәлімдеді.
- Теңіз кенішіндегі тәртіпсіздіктерден кейін 45 адам медициналық көмек алуға жүгінді, оның төртеуі – қазақстандықтар. Қалғандары – басқа елдің азаматтары, негізінен ССЕР компаниясының қызметкерлері. Олар облыс орталығына, Атырау қаласына жеткізілді. Бірде-бір адам ауруханаға жатқызылған жоқ, - деді Досмұхамбетов.
Ол қазақстандықтар мен экспаттардың жалақысында айырмашылық бар екенін мойындады, бірақ оның айтуынша, бұл елімізде білікті мамандардың тапшы болуына байланысты екен.
- Бүгінде Теңізде 40 мыңдай адам жұмыс істейді. Қазақстанда мұндай ірі жоба үшін білікті мамандар тапшы. Қазір бәріне талдау жүргізілуде, егер белгілі бір қызметкерге негізсіз, қисынсыз қосымша ақы төленгені анықталса, шаралар алынады.
Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша, ССЕР компаниясында 11 мың қызметкер бар, оның 600-і шетелдіктер.
- ССЕР осы алаңға қайта келеді, жұмыс ырғағын қалпына келтіру керек. Ол оңай шаруа емес, өйткені бұл күрделі технологиялық процесс. Жұмыс қарқыны едәуір төмендеді, бірақ бұл жұмыстар тоқтап қалды деген сөз емес. Қазіргі кезде нысандағы жұмыс ахуалын қалпына келтіру шаралары алынуда, - деп сөзін түйіндеді Досмұхамбетов.
Фархат ӘБІЛОВ