Атырау, 7 желтоқсан 08:19
 бұлттыВ Атырау +1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Теңіз әзірге тыныш

3 232 рет қаралды


Әлеуметтік желілерде Теңіздегі жаппай тәртіпсіздіктерден кейін 237 араб, 578 үнді және 780 Қытай азаматы елден шығарылып жатыр, ал олардың жұмыс орындарына қазақстандықтар тартылады деген ақпараттар пайда болды. Сондай-ақ, жезөкшелікпен айналысқан 23 қазақстандық әйел, Теңіз вахталық поселкесінде притон ұйымдастырғаны үшін тағы 12 қазақстандық жауапқа тартылады делінген. «Бұл жалған», - деді Атырау облысы әкімдігіндегілер. – Қазір мұндай ақпараттар көп, оларға назар аудармаған жөн».

Әлеуметтік желілерде полицейлердің күзетімен шетелдіктердің үйлеріне кетуі үшін автобустарға отырып жатқандары туралы бейнежазба таралуда. ТШО-дағы дереккөздер күзетпен олардың басқа қонақ үйге көшіп жатқандарын ғана хабарлады.



- Бірақ осы оқиғалардан кейін Қазақстаннан кеткісі келіп жатқан экспаттар да бар. Олар үшін ТШО басшылығы өкілетті органдармен бірге арнайы рейс ұйымдастырады, - деп хабарлады ТШО-дағы дереккөз.

Ал Теңіз кенішіндегі Үшінші буын зауытының құрылысы бойынша жұмыстардың уақытша тоқтатылғаны туралы белгілі болды. Біздің мәліметтеріміз бойынша, қосалқы мердігер компаниялардың барлық қызметкерлері дерлік қазіргі уақытта жұмыс жасауда: вахтамен жұмыс жасайтын жұмысшылардың бір бөлігі үйлеріне кетсе, басқалары вахталық поселкедегі өз нөмірлерінде отыр.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, жаппай тәртіпсіздіктердің орын алуына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әзірге ондағы фигуранттарды анықтау қиын болып жатыр: қатысушылар көп, бәрі де қорғаныс перделері мен каска киген.

Айта кету керек, ССЕР компаниясы - Үшінші буын зауытының жобасы бойынша ТШО-ның ең ірі мердігерлерінің бірі. Негізінен тәртіпсіздіктерге қатысушылар осы компанияның жұмысшылары. Әлеуметтік желілерде «Теңізшевройлдың» ССЕР-мен келісімшартты бұзғаны туралы жазылып жатыр. Әзірге бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

«Теңізшевройл» ЖШС баспасөз қызметінде Consolidated Contracting Engineering & Procurement (ССЕР) компаниясымен келісімшарттың бұзылғаны туралы қауесеттің шындыққа сай келмейтінін хабарлады.

- Келешек кеңею жобасының (ККЖ) Үшінші буын зауытының құрылыс алаңындағы жұмыстар көп ұзамай қайта жалғасады. ТШО-ның өндірістік нысандары, Келешек кеңею жобасының басқа нысандары штаттық режимде жұмыс істеуде.

Фархат ӘБІЛОВ

2 шілде 2019, 11:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.