Атырау, 24 қараша 18:45
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ыстықтың беті қайтқанмен, шілдеде қайта басталады

3 001 просмотра


24 маусымда «Атырау Жарық» АҚ баспасөз қызметі хабарлама таратты. Одан Атырау қаласы мен аудандарда осы аптап ыстықта былтырғыдай жарықтың өшіп қалатынын аңғаруға болады.

«Атырау облысында аптап ыстықтың басталуына байланысты электр энергиясын тұтыну мөлшері күрт артты.

Электр энергиясын негізгі өндіруші «Атырау ЖЭО» АҚ ең жоғарғы қуат режимінде жұмыс істейді. Атырау облысына Батыс Қазақстан облысы тарапынан электр энергиясы Орал-Атырау 220 кВ электр тарату желісінің (ЭТЖ) өткізу қабілеті бойынша режимдік шектеумен қабылданады. Бұл желі Атырау мен Маңғыстау облыстарының энергия жүйелерінің Бірыңғай энергетикалық жүйемен қатар жұмыс жасауын қамтамасыз етеді.

130 МВТ шамаға жеткен кезде энергия жүйелерінің тұрақты жұмысы бұзылмас үшін (олай болмаған жағдайда 220 кВ ЭТЖ ажыратылуы мүмкін) апатқа қарсы автоматика (ЖААЖ – жүктемені ажыратудың автоматика жүйесі) іске қосылады.

Келісімшарт бойынша электр энергиясының қуат резервін батыс өңірінде «МАЭК-Казатомпром» ЖШС қамтамасыз етуі тиіс. Бірақ ол өз міндеттемелерін орындап отырған жоқ. Бұл ЖААЖ-дың іске қосылуына әкелуі мүмкін. Өз кезегінде «Атырау Жарық» АҚ «Кегок» АҚ-на Атырау облысының тұтынушыларын электр энергиясымен қамтамасыз ету туралы хат жолдады.

«Атырау Жарық» АҚ мүмкіндігіне қарай ЖААЖ іске қосылғаннан кейін тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз етуді тез қалпына келтіруге шұғыл көшеді.

Аптап ыстық кезеңде қалыптасқан ахуалға түсіністікпен қарауды өтінеміз».

Өз тарапынан энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Мұрат ИҒАЛИЕВ телефонмен сөйлескен кезде облыс тұрғындарына әзірге алаңдауға себеп жоқ екенін мәлімдеді.

- Ахуал бақылауға алынды. Қазір ажыратып тастады ма? Жоқ! Жұмадан бастап сыртқы ауа температурасының көтерілуіне байланысты ажыратулар болды. Бірақ қазір қалада да, аудандарда да қалыпқа түсті. Әрі қарай не болады? Қажетті энергия көлемін сатып алу үшін «Атырау Энергосату» МАЭК-ке сұраныс жолдады. Олар сұратылған көлемді бермейді, өйткені қолайсыз уақытта жөндеу жұмыстарын жасап жатыр. Біз олардан 50 МВт сұрасақ, олар 16 МВт береді. Осы жағдайда облыстың ірі кәсіпорындарынан өндірілген электр энергиясының артылған көлемін жинап отырмыз. НКОК, ТШО көмектесуде. Атом және энергетикалық қадағалау комитетіне хат жолдадық. Олар МАЭК-пен мәселені шешетін болады… Тұрғындар шыдай тұрсын – метеорологтар бірер күннен кейін жауын жауып, күн салқындайды деген болжам айтуда.

Алайда сол метеорологтар 7 шілдеден бастап айдың аяғына дейін күн 36-40 градусқа, 42 градусқа дейін қайта ысиды деп болжам жасауда. Шілденің басында біздің энергетиктер маңғыстаулық әріптестерімен мәселені шешіп үлгерсе жақсы болар еді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

25 маусым 2019, 14:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.