Атырау, 23 желтоқсан 22:39
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Жас әйел де мемлекетке қауіп төндіре ме?

4 075 просмотра


«АЖ»-ға ерлі-зайыпты жастар Аслан мен Венера СҮЙІНОВТЕРДІҢ ұсталғаны туралы жарияланым жарыққа шыққаннан кейін редакцияға Атыраудың 28 жастағы тұрғыны Мерей ЖАЗБАЕВА хабарласты. 12 маусымда ол да ұсталып, қалалық полиция басқармасында бірнеше cағат қиналған екен.

- 12 маусымда кешкі сағат алты жарымдарда мені полиция қызметкерлері «Академия» аялдамасында  №14 автобустан түсіріп алып, туыстарыммен және адвокатпен хабарласуға мүмкіндік бермей, 6 сағаттан астам ұстады. Менің никнеймімді «ҚДТ-Батыс» тобының никнеймімен салыстыру үшін Тelegram қосымшасын ашуды бұйырды. Ұсталғаннан кейін телефонымды алып қойды, - дейді Мерей Жазбаева.

- Сізге ұстау туралы және ұялы телефонды алып қойғаны туралы хаттама берді ме?

- Жоқ, ештеңе берген жоқ. Мені куәгер ретінде алдыртқанын айтты, демек адвокат қажет емес. Бірақ жауап алу кезінде мені ҚДТ экстремистік ұйымына қатысы бар Telegram аккаунтының пайдаланушысысың деп айыптады. Шындығында менің ешқандай саяси күштерге қатысым жоқ. Мені ұстағаны туралы қаулыны талап еткенде, тергеушілер Расул БИҒАЛИЕВ пен Манарбек РЫСҚАЛИЕВ қолымнан тартып, мені кабинеттен алып шықты. Дәлізде айқайлаумен болдым. Бұл бақылау камерасына жазылып қалған шығар деп ойлаймын. Жауап алу барысында өздерін дөрекі ұстап, қорқытып, тіл тигізді. Келесі күні телефонымды алу үшін полиция басқармасына адвокатпен бардым. Бірақ Биғалиев бізді ҚПБ ғимаратынан қуып шықты.

Жазбаева прокуратураға және ҚР ІІМ Ішкі қауіпсіздік басқармасына шағым жазыпты. Нәтижелерді күтіп отыр.

- Шотландияда оқыған кезімде үйіме, Атырауға оралғым келетін. Олай етпеу керек пе еді? - дейді ол күйінішпен.

Сүйіновтерге оралсақ, Венераға ұстау кезінде алып қойған телефонын әлі қайтармапты. Ал кейбіреулер әлеуметтік желіде «Сүйіновтер туралы шындық» деп аталатын топ ашып, олар туралы неше түрлі жағымсыз нәрселерді жазып жүр екен.

- Осы оқиғалардан кейін Венераның денсаулығы күрт нашарлап, екі рет қатты ауырып қалды, - дейді Аслан Сүйінов. – Жарияланымнан кейін үйіміздің жанында әлдебір адамдардың кезекшілік етіп жүргенін байқадық. Мекен-жайымызды өзгертуге тура келді. Әлеуметтік желілердегі бізге қарсы топты полициямен байланысы бар адамдар ашты деп ойлаймыз. Өйткені олардың жазбаларында  пайдаланылған суреттер тек Венераның телефонында ғана бар еді.

Аслан мен Венера да прокуратураға шағым беріпті.

Фархат ӘБІЛОВ

21 маусым 2019, 11:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.