Атырау, 23 желтоқсан 22:17
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Серуендеп жүрген жас отбасы мемлекетке қауіп төндіре ме?

5 022 просмотра


12 маусымда кешкі жетілер шамасында Атыраудағы Авангард ықшам ауданында серуендеп жүрген ерлі-зайыпты Венера мен Асылан СҮЙІНОВТЕРДІ полиция ұстап, күштеп көлікпен алып кеткен. Кейін белгілі болғандай бұлар өткен түнде облыстық әкімдік алдындағы алаңда полиция мен әкімдік қызметкерлерімен сөзге келген жастар екен. Сол кезде Асылан мен Венера тәртіп сақшыларына негізсіз тексеру деп құжаттарын көрсетпеген болатын.

- Аслан екеуміз көшеде келе жатқанда қасымызға Газель автокөлігі тоқтап, ішінен түскен әскери форма киген адамдар екеуміздің қолымызды қайырып, салып алды,- деп бастады әңгімесін «АЖ» редакциясына жолдасымен бірге келген 22-жасар Венера. – Мені Рахат ықшам ауданындағы полиция бөлімшесіне, Асланды басқа жерге әкетті.

Венераның айтуынша, бөлімшеге оны аса қауіпті қылмескерлер сияқты желкесінен түйіп, басын төмен еңкейтіп апарған. Тіпті ұялы телефондарын да тартып алған. Сол жерде ҚДТ (Қазақстанда тиым салынған ұйым.-авт.) туралы сұрақтар қойып, телефоны айғақзат ретінде өздерінде қалатынын мәлімдеген. Олар, сондай-ақ, телефондағы Сұлтан Бейбарыс алаңында түсірген видеоны өшірген.

Түнгі 11-де оны қалалық полиция басқармасына, тергеуші Манарбек РЫСҚАЛИЕВҚА алып келеді. Әкелген екі ер адам оны «ДВК адамы» деп таныстырады:

- Мені митингке шықтың деп айыптап, айғайлай бастады. Тергеуші маған «Не үшін шықтың?», «Аш-жалаңашсың ба?», «Тамағың жоқ па?» деген сұрақтар қойып, тіпті бірнеше рет үстелді де соқты. Мен көшеде жолдасыммен жүргенде ұстап алғанын айтқан кезде, тергеуші жолдасым Асланның бәрін мойындап, 4 жылға сотталып кеткенін айтты. Маған «Үйдегілерге айт, тамақ әкелсін, түрмеде жейсіңдер!» деп қорқытты. Содан кейін екінші полицей Расул БИСАЛИЕВ компьютерден қағаз шығарып, маған қол қой деді. Қағазды оқиын дегенде, мәтінді көлегейлеп, тек қол қоятын жерді ғана көрсетті. Қорқытып, қол қойғызып алды.

Қол қойғаннан кейін ғана оған қағазды оқуға рұқсат берген. Қағазда «Мен Венера Сүйінова митингке Ержан деген адамның шақырумен шықтым. Осы топтағы Б. есімді азаматтың «әрі кетсе 5 күн ғана отырамыз, ел үшін, жер үшін шығайық!» деген сөздеріне ердім. Митингті ұйымдастырған – ДВК» және т.б. сөздер болған. 

Кейін Венераға осы сөздерді есіне сақтауды бұйырып, сотқа куәгер ретінде шақыратынын айтқан.

- Сотта қателессем, телефонымды бермейтінін, қайтадан қамап тастайтынын айтты,- дейді Венера. – Мені «жоқ қылып жіберем» деп қорқытты. «ДВК-Запад» деген топқа қосылғанымды растайтын дәлелдері бар екенін айтты. "Сен біздің қолымыздасың! Сотқа келмей қалсаң, мен сені ДВК адамдарының қатарына қосып жіберемін! Біз шақырған кезде жүгіріп келетін бол!" деп ескертті.

- «ДВК-Запад» тобында тіркелген бе едіңіз?

- 12 маусымда түскі уақытта белгісіз біреулер мені Telegram әлеуметтік желісіндегі «ДВК-Запад» деген топқа кіргізіп қойған. Көрген бойда шығып кеттім.

Венераны бес сағат тергеуден кейін жіберген. Жолдасы Аслан да осындай қысым көріп, ескертумен босатылған екен.

- Өз қаламызда жәй серуендеп жүрген адамдармыз ғой. Бұлар неден қорқады?- дейді ерлі-зайыпты екеуі.

Айтпақшы, ешқандай әкімшілік, қылмыстық іс қозғалмаса да, Венера әлі телефонын ала алмай жүр.

Ал Атырау облыстық Полиция Департаментінің баспасөз қызметі келесідей түсінік берді: «Олар Атырау прокуратурасына немесе Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметіне шағымдана алады». Айтқандай, Венера мен Асылан осылай істейін деп жатыр. Істі Қазақстан Адам құқықтары жөнідегі Бюросының Атырау облыстық филиалы өз бақылауына алды.   

Айта кетсек, «АЖ»-ға белгілі болғандай, 14 маусымға дейін «митингі ұйымдастыруға» қатысы бар делінген 10-ға жуық адам қалалық полиция бөлімінде тергелген. 

Фархат ӘБІЛОВ 

14 маусым 2019, 23:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.