Атырау, 24 қараша 18:37
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Райхан» қонақ үйіндегі өрт: балаларды шығарған кім

2 975 просмотра


Әлеуметтік желілерде Атыраудағы «Райхан» қонақ үйінде болған түнгі өрттің куәгерлері балаларды құтқарған жақын маңдағы кафе мен мейрамхана қызметкерлерінің, атап айтқанда, көрші мейрамхана күзетшісі Нұркен ДҮЙСЕНБАЕВТЫҢ жанкештілігі туралы айтып жатыр. «АЖ» тілшісі онымен және «Райхан» қонақ үйінің директорымен осы оқиғаға қатысты тілдескен еді.

- Өртті көріп, соған қарай жүгірдім. Екінші қабатқа шығатын саты болған жоқ. Бірақ дәл түбінде баннер орнатылған екен, сол арқылы екінші қабатқа шығып, терезені сындырып, нөмірге кірдім. Іште төрт бала бар екен. Оларды екінші қабатқа шыққан жігіттерге бердім. Көрші нөмірден тағы төрт баланы көріп, оларды да жігіттерге бердім. Мен жалғыз болған жоқпын, ғимараттан 5-6 адамды көрдім. Содан соң өрт сөндірушілер жетті, - деді 21 жастағы Нұркен Дүйсенбаев. Тараздық Нұркен қазір Атырауда мұнай және газ университетінде оқиды екен.

«Райхан» қонақ үйінің басқарушы директоры Роза ДОСЖАНОВА:

-  Сауна сағат 00:15-те түтіндей бастады. Біздің автоматты өрт қауіпсіздігі жүйесі іске қосылып, әкімшілік 101 және 103 қызметтеріне хабарлап, тұрғындарды жедел эвакуациялауды бастады. Сол түні қонақ үйде «Орал» балалар футбол командасы - 34 бала, 2 бапкер, 2 ата-ана, 2 жүргізуші және басқа да қонақтар болды.

Директор әлеуметтік желілерде басқа адамдардың көмектескені туралы әсіреленіп айтылып жатыр деп есептейді:

- Бапкерлермен, ата-аналармен және жүргізушілермен бірге «Райхан» әкімшілігі мен «Айва» кафесінің қызметкерлері балаларды қауіпсіз жерге көшіріп, апаттық шығу есігі арқылы «Sweet Home» қонақ үйі алдындағы алаңға шығарды.  Артқы аула жақтағы барлық терезенің әйнектері сындырылды. Алайда негізгі эвакуация арнайы апаттық шығу есігі арқылы өтті. Балаларға суық тиіп қалмас үшін және оларды медицина қызметкерлері қарау үшін «Райхан» қонақ үйінің әкімшілігі өз қаражатына «Sweet Home»-ға тәулік ақысын төлеп, орналастыруды өтінді. Өрт сөндірушілер бригадасы таңғы сағат 5-ке дейін кезекшілікте болды. Қонақ үй мен тұрғындардың мүліктерін сақтау үшін полицейлер де кезекшілікке тұрды. Клиенттердің мүлкі бүлінбей, келесі күні аман-сау иелеріне табыс етілді. Қазір штаттық режимде жұмыс жасап жатырмыз.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар хабарлағандай, ауруханаға түскен екі бала емделіп шыққан. Қызылордалық әйел әлі ем алып жатыр.

Фархат ӘБІЛОВ

17 маусым 2019, 15:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.