Редакциямызға хабарласқан Қызылқоға ауданы Мұқыр округіне қарайтын Жамансор елді мекенінің тұрғындары 2 маусымнан бері ауыз сусыз отырғандарын айтады. Сағыз, Мұқыр, Жамансор ауылдары Ақтөбе облысының аумағынан бастау алатын «Кереген-Сагыз-Жамансор» құбыр желісі арқылы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бірақ соңғы жылдары судың тапшылығы қатты сезіліп, сағаттап беруге көшкен. Бүгінде Мұқырда су тәулігіне екі сағатқа берілсе, ал Жамансор халқы жеті күннен сусыз отыр.
Мұқыр округінің әкімі Мереке ЕСҚАЛИЕВТІҢ айтуынша, мұның себебі сумен қамтушы «ЖК Садықов» кәсіпорнымен келісімшартты бұзу, қайтадан конкурс ойнатып, сенімгерлік басқаруға алатын басқа кәсіпкерді табу жұмыстары жүріп жатқан көрінеді.
- Неге су жетпейді, егер Ақтөбе аумағынан келетін су аздық етсе, «Қиғаш-Маңғышлақ» магистралдық су құбырынан алуға болмай ма,- дейді жергілікті тұрғындар.
- Қиғаштан келетін судың қажеттілігі жоқ, «Кереген-Сағыз-Жамансор» су құбырынан 25 жыл бойына тәулігіне 10 мың текше метрге дейін су алуға болады. Бұл жерасты суы өте таза, тұщы, мөлдір, - дейді гидрогеолог Едіге САБУРОВ. – Осы ауылдардағы инженерлік коммуникацияларды реттеу керек.
Бұдан бұрын аудандық әкімдік «Кереген-Сағыз-Жамансор» құбыр желісінің қуатын арттыруға қосымша ұңғымалар қазу үшін сметалық жобасы жасақталып жатқанын айтқан болатын.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА